«КЕМЕЛ АДАМ»

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүрмін. Бұл өте маңызды міндет. Реформаларымыздың түпкі межесі ұлттың сапасын жақсарту. Себебі, халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал, ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік парасатты болуға ұмтылу қажет. Яғни сана өзгермесе, бәрі бекер. Шын мәнінде жаңғыру тәрбиеден бастау алады. Сондықтан біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керек. Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал. Бұл – имандылық пен адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, ұқыптылық пен тиянақтылық.
– Мен жақында белгілі дінтанушы, Ұлттық кеңестің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» деген кітабын оқып шықтым. Жастарға өнегелі тәлім-тәрбие беретін мұндай еңбектер елге қажет. Осындай кітаптарды кеңінен таратуымыз керек. Бізде ұшқыр ойлы жастар аз емес, билік оларды қолдау керек, оларға жан-жақты жағдай жасауымыз қажет. Жалпы азаматтарымыздың ағартушылық жұмыспен көбірек айналысқаны жөн. Ел бірлігі біздің баға жетпес байлығымыз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ҰҚСК отырысында сөйлеген сөзінен

 

Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабы Алматыдағы «Самға» баспасынан жарық көріпті. Кітаптың аңдатпасында, «Автор кітапта жан-жақты жетілген идеалды адамның қасиеттері мен ерекшеліктерін діни дәлелдер, қазақтың ойшыл зиялылары айтқан түйінді һәм кестелі пайымдары, сондай-ақ адамзатқа ортақ құндылықтар арқылы түсіндіруге тырысады. Туындыны оқи отырып, кемел адам дегеніміз: рухани бай, мінезі көркем, білімі терең, байсалды, айналасымен қарым-қатынасы жақсы, дені сау, қаржылай тәуелсіз тұлға екеніне көз жеткізесіз. Автор жетістікке жетудің жолдарын және тұлғалық дамудың түрлі тетігін көрсете отырып, оқырманын кемел адам болуға шақырады. Бұл кітап жеке өміріне оң өзгеріс енгізгісі келетін әрбір жасампаз жанға арналады» делініпті.
Жоғары сапамен жарық көрген кітап алғысөзбен басталып, онан ары «Кемелдену кедергілері», «Денсаулық», «Тайм-менеджмент», «Эмоциялық зерде», «Қарым-қатынас қағидалары» деген бес бөліктен құралып, түйін сөзбен ақырласады. Көлемі 23 баспа табақ, 368 беттен тұрады.
Кітапты аламын деушілерге «Самға» бас-пасының «Kitap al» дүкендер желісінде сатылып жатқанын ескертемін. Міне, жаңа ғана өзім барып, бояудың иісі бұрқыраған бір данасын сатып алдым. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» деген осы болар.

Ынтымақ Дәуітбекқызы

ПІКІР ЖАЗУ