Нұрын шашып аққан жұлдыз

Еліміздің әйгілі тележүргізушісі, ұлттың жанашыры, қайырымды-лықтың жарқын үлгісі бола білген, ұлттың біртуар азаматы – Бейсен Құранбек ағамыз ел жадында сақтаулы және мәңгі сақталып қала бермек. Бейсен ағамыз ешкіммен салыстыруға келмейтін, табиғаты бөлек жан еді. Өмірде де, өнер жолында да басты
мақсаты – адамдықты, адами қасиеттерді жоғалтпау болды.

 

Біз оның өмірінің балдай тәтті шағын ғана көзбен көрдік. Арманына қол жеткізу жолында тосқауылдар көп болғанымен, таудай талабының, ынтасының, дарынының арқасында бала арманы орындалды. Еңбек жолы «Спорт» газетіндегі тілші қызметінен басталған тұлға, бүгінде «Айтуға оңай» ток-шоуының іргетасын қалаушы, қоғам қайраткері болып ел жадында орын алды. Қамшының сабындай қысқа болған өмірінде жасап кеткен жақсылықтары өте көп. Сүрінгенге сүйеу болып, қараңғы қапаста қолтығынан демеп, жылағанды жұбатып, жетімнің жасын сүртіп, ана мен баланы табыстырды. Оның жүргізген бағдарламаларын көрген әрбір адам жан-дүниесіне тәнті боларлықтай еді. Аузын ашса жүрегі көрінетін, ақкөңіл, жанашыр, қарапайым, өте кішіпейіл адам болған деседі оның әріптестері. Мұң-наласын, мәселесін айтып келген әрбір адамға бағыт-бағдар беріп, ешкімнің көңіліне қаяу түсірмей, бағдарлама ұжымымен бірге шешіп берген. Жәрдем сұрар есік таба алмай, шарқ ұрған кісілердің жолын ашып берді. Қарапайым халық заң мүмкіндіктерін біле бермегендіктен, соларға жәрдем беріп, жол сілтеген. Тіпті өзім тұратын ауылымның тұрғыны Бейсен ағамыздың көмегін алған. Құжаттары өртеніп кетіп, Қарақалпақстаннан туу туралы куәлігін ала алмай жүрген ауылдасымызға қол ұшын созыпты.
Тыным таппай жүріп, еңбек еткен Бейсен Құранбектің еңбегі жанып, биіктен көрінді. Бейсен ағамыз сияқты халық жанашырлары, қамқоршылары көп болса деймін. Қазаққа қазақтың жаны ашымаса, басқа кімнің жаны ашысын?! Мен де болашақта Бейсен ағамыздың ізін жалғастырар жанашыр қазақ қызы болғым келеді. Бейсен Құранбек ағамызға тең келер тұлға жоқ десем қателеспеспін. Бейсен есімі әрбір қазақтың жадында, жүрегінің төрінде мәңгі сақталып қалмақ!

Төлегенова Динара Батырханқызы,

​​Алматы облысы, Қарасай ауданы,
Қошмамбет ауылы, Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *