Мерген қыз

Ақтөбе қаласы, №51 гимназияның 11 сыныбының оқушысы Альбина Сарсенгалиева үздік оқушы. Әрі сабақпен қатар гимназия жанынан ашылған Кейкі Көкембайұлы атындағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубында өте белсенді, қарапайым және алғыр тәрбиеленушілердің бірі.

Жалпы ол клубқа 8 сыныптан бастап тәлім-тәрбие алуға тіркелген. Осы кезге дейін әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлова апамыздың ерлігін еске алуға арналған жыл сайынғы өткізілетін «Мерген ару» пневматикалық мылтықтан нысана көздеп ату жарысының бірнеше дүркін жеңімпазы. Одан бөлек «Мерген оқушы», «Жас ұлан», «Жас жауынгер», «Алау», «Әскерге дейінгі жасөспірімдер арасында спартакиада», «Айбын» сынды әскери-қолданбалы спорт түрлерінен болған жарыстардың жүлдегері. Альбина қазіргі таңда пневматикалық мылтықтан нысана көздеп ату жарысының ең биік шыңына жетті десем де болады.

Олай дейтін себебім 2021 жылы маусым айында Ресей Федерациясы, Ярослав облысы, Некрасов ауданы, Вятск ауылында Әлия Молдағұлова апамыздың атына арнап өткізілген ІІІ халықаралық атыс турнирінде мүмкін болатын 50 ұпайдың 49 ұпайын жинап, жүлделі І орынды жеңіп алды. Осылайша Әлия апамыздың жерлесі екенін дәлелдеді. Бірнеше жылғы еңбек ақталды.

Жалпы Альбина өз ісін тыңғылықты орындайтын, сабақ үлгерімі өте жақсы, қарапайым оқушы. Спорт пен оқуда жеткен жетістіктері де оның еңбексүйгіштігінің, табандылығының нәтижесі деуге болады. Әрине, осы орайда отбасында берілген ата-ана тәрбиесінің маңыздылығын атап өтпеске болмас. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Альбинадай қыз тәрбиелеп өсірген ата-анасына алғысым шексіз. Оқушыларымыздың санасына өз заманының озық өнегесін сіңіре білу, жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы, білікті ұстаздарының ерен еңбегінің көрінісі деуге болады.

Бағдат ЖҰМАҒАНБЕТОВ,
«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі филиалының төрағасы, №51 гимназияның алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі

ПІКІР ЖАЗУ