ТҰЛПАР МІНІП, ТУ ҰСТАП

Ақтөбелік балалар ұлттық спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге жетіп жүр. Олардың дені Ақтөбедегі облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады.
Аталған спорт мектебінің директоры Бақтияр Төлеуовтің айтуынша, мектепте спорттың үш түрі — ат спорты (көкпар, теңге ілу, жамбы ату, т.б.), қазақ күресі, тоғызқұмалақ бөлімдерінде 400-ге жуық бала тәлім-тәрбие алады.

— Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне 2020-2021 оқу жылына оқушылар қабылдап жатырмыз. Ат спортына — 12-15 жастағы, қазақ күресіне — 10-13 жастағы, тоғызқұмалаққа 7-10 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бүгінде ұлттық спортқа балалардың қызығушылығы жоғары, — дейді Б.Төлеуов.
Мектеп тәрбиеленушілерінің жетістіктері бір параққа сыймайды: алдыңғы жылдарды айтпағанда биыл жыл басынан бергі ұлттық спорт түрлерінен өткен додаларда ақтөбелік оқушылар талай жүлдені қанжығасына байлап келді. Мәселен, биыл ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен қазақ күресінен 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында мектеп спортшысы Жарбол Қуаныш 2 орын алып, күміс жүлдеге ие болды.


Маусым айында ҚР Ұлттық спорт түрлерінен көкпардан жасөспірімдер арасында өткен додада біздің мектеп құрамасы екінші орынға ие болды. ҚР Ұлттық спорт түрлерінен Ақтөбе облыс чемпионатында аударыспақтан жасөспірімдер арасындағы додада біздің тәрбиеленушілеріміз Өтеуов Әлішер, Нағашыбаев Даулет, Әріпов Мейірлан, Сыдық Данияр, Салимжанов Алишер, Оразбай Нурбол, Тұрсынбаев Абай, Тұрсынбаев Абылай, Байбарақов Атабек, Тұрсынбаев Бекарыс, Ғалел Рамазан сынды балаларымыз әртүрлі салмақ дәрежесінде бірінші орынды ешкімге бермеді. Мамыр айында Шымкент қаласында өткен Кеңес Одағының батыры, Ұлы отан соғысының даңқты қолбасшысы, Бауыржан Момышұлы атындағы қазақ күресінен 2006-2007ж.т. жасөспірімдер арасындағы IV Республикалық командалық және жекелей турнирінде мектеп спортшылары күміс және қолаға ие болды. Мұндай жетістіктерді тізіп айта беруге болады, — дейді Б.Төлеуов.
Мектепте балалардың ұлттық спорт түрлерімен айналысуы үшін бар жағдай жасалған: екі жабық манеж бар. Еліміздің көптеген өңірлерінде мұндай жабық манеж жоқ. 2014 жылы көлемі 25 те 45 метр болатын жабық манежі бар жаңа ғимарат пайдалануға берілді.
Былтыр облыс әкімі мектебімізге арнайы келіп, бір манеждің бірнеше мақсатта пайдаланылып тұрғандығын көріп, тағы бір жабық манеж салуға мұрындық болды. Себебі бір манежде ат спортына баулу сабақтарымен бірге иппотерапия сабақтары да өткзілетін еді. Науқас балалардың аттары жай жүруі керек, оларды үркітпеу керек. Ал манеж біреу болғандықтан, сабақтарды алма-кезек өткізетін едік. Былтыр көлемі 76 да 36 метр болатын жаңа манеж салынды. Қазір ат спорты және иппотерапия сабақтары бөлек — екі манежде өткізіледі, —
дейді Бақтияр Төлеуов.

Ұлттық спорт түрлерін тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да дамытуға мән беріліп отыр. Бүгінде Шалқар, Байғанин секілді кейбір аудандарда мамандар арнайы оқытылып, ауылдағы балаларды ұлттық спортқа баулып жүр.
— Биыл аудандардан тағы тоғыз штат ашып отырмыз. Мәртөк, Қобда, Ойыл, Мұғалжар секілді бірнеше аудандардан филиалдар ашып, сол ауылдардағы балаларды ұлттық спортқа, соның ішінде ат спортына үйретуді қолға алып жатырмыз. нағыз талантты балалар ауылдарда көп, соларды күнделікті жаттықтырып, облыстық чемпионаттарға, республикалық, әлемдік додаларға баруға ұйтқы болуымыз керек, — дейді ол.


Ат спортына үйрену үшін балалар 12-13 жастан бастап келеді. Мектепте 40-қа жуық ат бар. Оның 15-і — көкпарға шабатын аттар. Балаларды ат спортына үйрететін, теңге ілу спортына үйрететін аттар бөлек.
Ал аударыспақ сабақтарына балалар 9-10 жастан бастап келеді. Спорттың бұл түрі баланы ептілікке, күштілікке, төзімділік пен батылдыққа үйретеді.
— 2018 жылдан бастап жас спортшыларымыз Қазақстан құрамасына кіре бастады. Мәселен, Ерасыл Амангелді деген баламыз қазақша күрестен ұлттық құрамаға кірді. Биыл ол спорт шебері нормативін орындап, мемлекет тарапынан берілетін стипендияға ілікті. Дәулеткерей Төлеубаев, Асылхан
Қуанышқалиев, Жарбол Қуаныш, Думан Сәдуақас секілді спорт-
шыларымыз үздік нәтижелер көрсетіп келеді, — дейді аға жаттықтырушы Мейрамбек Әлішев.

Мейрамгүл САТАЕВА,
Ақтөбе облысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *