«ӘРБІР ШАҢЫРАҚ БІР МЕКТЕП БОЛСА…»

Қадірлі оқырмандар, қазіргі кезде білімдінің күні жарық екені бәрімізге белгілі. Бірақ, балалар, шынымызды айтайықшы, біз осы мектепке қызыға, асыға, құмарлана барамыз ба?! Бір құнды затымызды қалдырып кетіп, қайта тауып алғандай алақайлап жүгіріп барамыз ба?! Түнімен мектебімізді ойлап, ертеңгі күнді күтеміз бе!? Әрине, бәріміз бірден «иә» деп жауап бере алмаймыз. Елімізде мектеп баршаға қолжетімді. Ол біздің мемлекетіміздің берген орасан зор мүмкіндігі. Оны қадірлейміз. Ал сонымен бірге, соңғы кезде әлемде, елімізде де баламалы мектептер, қосымша оқу орталықтары көптеп ашылуда. Жалпы, балалар мектеп сөзінің мағынасы кең. Ол – бағыт, жол, тәрбие, оқу, орда, мақсат деген сөздермен де мағыналас келеді. Өздерің де бәлкім өскенде «мен әжемнің мектебінен өткенмін» дерсіңдер. Бүгінгі сіздерге таныстыратын сондай қосымша оқу орнының есімі «Қызық мектеп»!


Бұл жобаның авторы ерлі-зайыпты ұстаздар Ұлан ағай мен Индира апай! 2015 жылдан бері елордада жұмыс істеп келе жатқан бұл орталықтың ерекшелігі оқу барысы кәдімгі үй жағдайында жүзеге асады екен. Балалар үйдің жылулығын сезінеді. Достар, үлкен қалаларда, біздің көптеген замандастарымыз мектептен кейін үйде телефонмен жалғыз қалатыны жасырын емес. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары мейірімге мұқтаж. Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың айтқан дана сөзіндей кезінде мейірім көрмеген ұрпақ, өсе келе өз еліне де жат болып кетеді. Айтпақшы, осы жобаны бастауына Ұлан ағайға да Ахмет атамыздың «Оқу ісі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деген сөзі түрткі болған. «Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз айтады кез келген мемлекеттің басты тұғыры – ұрпақ тәрбиесі деп. Ұрпақ тәрбиесінен асқан ұлы іс жоқ. Өзім бірнеше ЖОО сабақ бердім. Саралай келе, орта білім, оның ішінде бастауыш білім беру саласына ауыстым. Себебі, болашақ осы балаларда. Біздің жобаның мақсаты – әрбір қазақ ортасы кішігірім бір мектеп міндетін атқарса деген арманнан тұрады» дейді Ұлан Еркінбай ағамыз.


«Qyzyq mektep» оқу орталығының басты ұраны «Бәрі де қызығудан басталады» деген сөзден тұрады. Қызығу арқылы барлық дағдыларды қалыптастыруға болады дейді үй мектебінің ұстазы Индира апай. «Балаға бастысы мейірім керек. Қала берді мейірім барлық методиканың кілті. Үйге келген балалардың көзіндегі отты, жүзіндегі құлшынысты көріп қуат аламыз» дейді Индира ұстаз. Үй мектебінің жұмыс кестесі қарапайым. Балалардың өздеріне тиесілі бос уақытын сапалы өткізу. Бұл тұрғыда қызық мектеп төмендегідей төрт қағида бойынша жұмыс істейді.


Олар:
Білімге қызықтыру (жарыс, ойландыру, ойнату, мақсат қою т.б. тәсілдері арқылы);
Кітап оқуды әдетке айналдыру (тәттілермен, ұстазбен, достармен, кино арқылы, пуфикпен, дауыспен, құпия табу арқылы, кейіпкермен бірге оқу т.б.);
Баланың физикалық қуатын арттыру (спорттық ойындар, қуатты, дұрыс тамақтану);


Ата-аналармен бірге жетілу (саяхаттар, семинарлар, тәжірибе алмасу т.б.).
Иә, Қызық мектепте мақсатқа сай әрбір баланың зияткерлік қабілеті мен физикалық қуатын дамытуға қолайлы жағдай жасауға барлық мүмкіндік бар.
Әрбір бала – ашылмаған құпия. Әрбір бала – ақылдың қайнар бұлағы. Әр бала – бітпейтін энергия көзі. Ал, қызығу – барлық қабілеттердің бастауы.

Ынтымақ Дәуітбекқызы, өзін-өзітану пәнінің мұғалімі

 

ПІКІР ЖАЗУ