Үкінің тапқырлығы

Қалың орман ішінде ақ қоян мен сұр қоян көрші тұрыпты. Екі қоянда бау-бақша өсіреді. Күндерін бақша суарудан бастайтын екі қоян бәсекелесіп өмір сүреді екен. Өсіп тұрған жеміс-жидектерімен мақтанып, бір- бірінен асып түсуді көздейді.
Бірде ақ қоянның жеміс суаратын құралы сынып қалып көршісі сұр қоянннан уақытша пайдалануға оның суарғысын сұрапты. Сұр қоян екі қап сәбіз берсең беремін дейді. Ақ қоян екі қап сәбізге құралды айырбастап алады. Күндер өтіп жатты.


Сұр қоян таң ата бақшасына келсе, сәбіздері әлі мардымды өнім бермей тұрғанын көреді. Көршісі ақ қоянның бақшасына қарап еді жайқалып тұр екен. Іші алай-дүлей болып, қызғанышы өршіп, белегін сыбанып ақ қоянның алдына жетіп келеді.
— Сенің сәбіздерің менің суарғымның арқасында осылай жайқалып өсіп тұр. Сол үшін де сенің сәбіздерің енді менікі болуы тиіс, деді.
— Жоқ, олай болмайды деп ақ қоян қарсылығын білдірді.
Даулары төбелеске ұласты. Орман ішін басына көтерген екі қоян әділдік іздеп, орман патшасы арыстанға келеді. Екі қоянның дауына төрелік етуге үкі мен жапалақ қорғаушылар болып сайланыпты.


Алайда ақ қоянның қорғаушысы Үкі мырза кешігіп қалады. Ашуланған арыстан патша билікті қолына алып, қорғаушысы келмеген ақ қоянды кінәлі деп таныпты.Сол мәзетте Үкі мырза ұшып келеді.
— Қайда жүрсің, – деген Арыстанның дауысы отырғандарды селк еткізді.
— Патшам, мен келе жатқан жолда өрт болып жатыр екен, соны өшірейін деп теңізден тесік қалбырмен су тасыдым, – депті үкі.
— Ей, сен кешіккеніңмен қоймай өтірікші де екенсің, тесік қалбырмен қалай су тасисың, — депті патша.
— Дұрыс айтасыз патшам, тесік қалбырмен өрт сөндіре алмаймыз. Сол секілді тек суырғы құралмен еңбек етпесеңіз өнім де шықпайды. Мәселе құралда емес еңбекте екенін жеткізгім келді деген екен.
Патша үкінің тапқырлығына риза болып, ақ қоянның сәбіздері еңбекпен келгенін мойындап, оң шешім қабылдаған екен.
Екі қоян татуласып, дауласпауға уәде беріпті.

Камшат Әбілғазықызы

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ