Ұйымшыл ұжым
«Көкіл» мектебі – еліміздегі алғаш жекеменшік білім ордасы. Мектептің басты ерекшелігі жаһандық білім беру бағдарламаларының барлығын ұлттық негізге сала отырып, білім беруі. Біліммен қатар ұлттық тәрбие басты назарда. Балалардың жеке тұлғалық қабілеттерін дамыту алға қойылған. Мектеп оқушыларының бос уақытында домбыра, вокал, би, бейнелеу өнері, шахмат және пән бойынша үйірмелері жемісті нәтижелерін беруде. Оқушылар ғылыми жобаларды қорғап, қалалық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орын иеленіп жүр.
Мектеп директоры Абдулхамит Ысқақұлы – ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі өнер танушы, жаңашыл ұстаз. Білім мен өнер саласындағы жетістігі үшін 2004 жылы Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен, 2009 жылы ҚР Мәдениет қайраткері атағымен, 2013 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Құрмет» орденімен марапатталды.
Исаханова Дамеш Қинаятқызы – директордың ғылым жөніндегі орынбасары, тәжірибелі ұстаз, Халықаралық А.С.Пушкин атындағы медальдің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі.
Журнал мұқабасында тұрған Абдулхамит Ысқақұлы мен Дамеш Қинаятқызы бізге білім ордасындағы соңғы жетістіктерді зор ықыласпен әңгімелеп, таныстырып берді. Жандарында тұрған қазақша киінген өнерпаздар жетіген аспабында ойнайтын өнерпаз оқушылар екен. Олар биыл өткен «Көктем гүлі – әз Наурыз» атты республикалық байқауында өнер көрсетіп, 1-дәрежелі лауреат атанған Мелдебек Амина, Аманбаева Дариға, Абилазимова Захра, Нурмаханбет Гаухар, Удербаева Амина, Бахыт Аиша, Қалмұрат Айшанұр, Шаден Зере бастаған жас таланттар. Биыл сонымен қатар осы өнерпаздар Беларусияда өткен III халықаралық музыкалық-аспаптық өнер сайысына қатысып, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша бойынша 2-дәрежелі лауреат атанып келгендері қуанарлық жаңалық болыпты. Өнерпаз қыздармен сөйлескенімізде бәрі бірауыздан бұл жетістіктерге жетулері жетекші, музыка пәнінің білікті ұстазы Искалиева Гүлшараның зор еңбегінің арқасы екенін айтты.
«Көкіл» мектебінің 2 «А», 2 «Ә» сынып оқушыларының жетістіктері де мол екен. Жеке-жеке тоқталсақ журнал беттерінің біразын арнау керек болады.
Бұл білім ордасы халықаралық ЮНЕСКО клубының мүшесі болғандықтан, клуб ұйымдастырған іс-шараларда үнемі белсенділік танытады екен. Жылдағыдай мектеп оқушылары «ЮНЕСКО – 2021» моделіне жоба қорғауға қатысты. Бұл жолғы тақырып «COVID – 19-ға қарсы күрес кезінде білім беруді дамыту стратегиясы» деп аталыпты. кездесу онлайн түрде және тек ағылшын тілінде өткен. Мектептің 10-сынып оқушылары Габдульмуллинова Ажар мен Амангелді Алуа Италияның, Мадиева Дария Германияның мүшелері ретінде қатысып, ағылшын тілінде еркін сөйлеп, өз білімдерін жоғары деңгейде көрсеткен. Осы тұста «Көкіл» мектебі оқушыларының еліміздегі «үштұғырлы тіл» саясатын берік ұстанып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеріп, еркін сөйлейтіндерін айта кеткен жөн.
Сондай-ақ 6-9 сынып оқушылары ағылшын тілі пәнінен өткен М.В.Ломоносов атындағы XXII халықаралық турнирге қатысып, білім бәйгесінде оза шауып 9-сынып оқушысы Сансызбай Диас 1-дәрежелі лауреат, 9-сынып оқушысы Асимхан Айша мен 7-сынып оқушысы Наурызбаева Амира 2-дәрежелі, 7-сынып оқушысы Айдынқызы Назерке 3-дәрежелі лауреат атанып, мақтау қағаздарымен, дипломдармен марапатталыпты. Ағылшын тілі бойынша өткен «Big Ben» атты халықаралық сайысқа қатысып 6-сынып оқушысы Ибраева Роза 1-орынға ие болған. Ағылшын тілінен оқушыларды осындай түрлі сайыстар мен шараларға дайындаған тәжірибелі ұстаздар Ауезова Дина Шайкенқызы мен Толыбаева Гауһар Рүстемқызының еңбегі ерекше.
«Көкіл» мектебінің басшылығы мен педагог-ұстаздар ұжымы есіктен кіргеннен-ақ ата-аналар мен оқушыларға, қонақтарға жылы шырай танытып, ерекше ілтипатпен, кішіпейілдікпен қарсы алады. Бұл мектепте оқитын ұл-қыздардың білімдері тереңдеп, өнерлері дамып, қабілеттері арта түседі. Оған себеп – «Көкіл» мектебінің берекелі, білімді, білікті ұжымы. Мектеп ұжымына тек қана бақыт, қуаныш тілейміз!
Саят Қамшыгер