Жұмбақтар

Жас достар, назарларыңа Жезқазған қаласында тұратын қаламгер ағаларың Ернұр СЕЙДАХМЕТТІҢ жұмбақтарын ұсынамыз. Ойланып, тауып көріңдер.
 Редакция

Беріп саған ақыл,
Сұрамайды ақы.
(Кітап)

 

Қоңыр, қызыл, сары.
Аз уақытта бәрі.
Ұшты, ұшты, ұшты,
Жерге құлап түсті.
(Жапырақ)

 

Үлкенді, кішіңді.
Төменге түсірді.
Жоғары көтерді,
Бұл не, кім түсінді?
(Лифт)

Қиналмай түк те,
Көтерді жүкті.
(Кран)

Қуып бір тентекті,
Жиырма ағай ентікті.
(Футболшылар мен доп)

 

Тартсаң ашылады,
Итерсең жабылады.
(Есік)

 

Кең далада жортады,
Тек аңшыдан қорқады.
(Қасқыр)

 

Ескі-құсқы киімі,
Түсіп кеткен иіні.
Телпек киген басына,
Құстар қонбас қасына.
(Қарақшы)

Тыным таппас сері,
Желіктірер желі.
(Доп)

Жуас, әрі көнбіс,
Бітіреді көп іс.
(Есек)

 

Қыста жылытады,
Жазда салқындатады.
(Кондиционер)

 

Бұйым ол қалтаңа шақ қана,
Сөйлесіп, аласың хат-хабар.
(Қалта телефоны)

 

Ертелі-кеш тынымсыз,
Қимылдайды бәрі үнсіз,
(Құмырсқа)

 

Желді күні туады,
Бірін-бірі қуады.
(Толқын)

 

Көлікті тайғанатты,
Түлікті тайғанатты.
Мені де тайғанатты,
Сені де тайғанатты.
(Мұз)

 

Ызалы, әрі ашулы,
Елдің құтын қашырды.
Ақ дорбасы ашылды,
Сыртқа ызғар шашылды.
(Қыс)

 

Атам бекер алаңдайды,
Таң атқанын хабарлайды.
Қанаты бар, бірақ неге?
Алысқа ұшып бара алмайды.
(Қораз)

 

Жол шетінде тұрады,
Көзін ашып-жұмады.
Дейді ол бізге көз қысып,
«Абайла, бол қырағы».
(Бағдаршам)

 

Гүлден-гүлге қонады,
Шырын, нәрге тояды.
Барлық бала көрсе оны,
Асыр салып қуады.
(Көбелек)

 

Көреді анық алысты,
Бақылайды ғарышты.
(Телескоп)

Жүзі жайнап тұрады,
Күнге мойнын бұрады.
Майда екен өнімі,
Бірақ бізге ұнады.
(Күнбағыс)

Біледі ұл, қыз да,
Із қалдырар мұзда.
Тебе алмайсың киіп,
Бірақ та оны жазда.

(Коньки)

 

Жібін сүйреп сүңгіп жүр.
(Ине мен жіп)

 

Жұтса да тиын, түймені,
Жұта алмайды түйені.
(Шаңсорғыш)

 

Апарады қосыңа,
Туысыңа, досыңа.
(Жол)

ЕРНҰР СЕЙДАХМЕТ

ПІКІР ЖАЗУ