Нұр-Сұлтан – ел Тәуелсіздігінің жемісі

Биыл Қазақ елінің Тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде еліміз көптеген жетістікке жетіп, дүниежүзі елдеріне
танымал болды.

 

Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы өзінің 23 жылдық тарихында әлемнің озық елдері көшбасшыларының басын қосатын саяси, мәдени орталыққа айналды. 2010 жылы Елордада өткен Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті – соның айқын дәлелі. Осы ұйымға қазақ елінің төрағалық етуі — бұрынғы кеңестік елдер арасынан ең алғаш рет болған оқиға екенін айтып өткен жөн. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ұйымдастырылып, әртүрлі діннің өкілдері бас қосып отырады.
Елордамыз халықаралық саяси аренада өзінің орнын қалыптастырып, халықаралық қауымдастық санасатын дәрежеге жетті. Кезінде ЮНЕСКО Нұр-Сұлтан қаласын дүние жүзіндегі «Бейбітшілік қаласы» деп атады. 10-15 жыл бұрынғы Нұр-Сұлтан мен қазіргі Нұр-Сұлтанның мәдени әлеуетін салыстырсақ, айырмашылық жоқ емес. Елордамыз бүгінде рухани орталыққа айнала алды деп нық сеніммен айтуға болады. Қазіргі таңда зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келіп, елордамыздың рухани-мәдени дамуына өздерінің үлесін қосуда. Соңғы жылдары қалада мәдени ошақтар көбейе бастады. Мәселен, Нұр-Сұлтанда Ұлттық академиялық кітапхана, Қазақстан Орталық концерт залы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, Ұлттық мұражай сияқты көптеген мәдени орталықтар пайда болды.
Нұр-Сұлтан қаласы саясат пен руханиятта ғана емес, сонымен қатар, спортта да үлкен жетістіктерге жетті. Мәселен, жыл сайын елордада көптеген халықаралық спорт шаралары ұйымдастырылып, соның арқасында спортқа қызығушылығы мол жастардың саны артты. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында тұңғыш рет VІІ қысқы Азия ойындары өтіп, соның нәтижесінде көптеген жастар қысқы спорт түрлерімен айналысуға ден қойды. Бұл деген Нұр-Сұлтанның тек шенеуніктердің ғана емес, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдарының астанасы болғанын дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, елорда саясатта, руханиятта және спортта өзінің орнын қалыптастырып үлгерді. Бұның бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасында деп білемін. Сондықтан барлық қазақстандықтар үшін Нұр-Сұлтан – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі болып табылады.

 

Наталья Дементьева,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

ПІКІР ЖАЗУ