Кім болам?

IT маманы

Дамысын деп қазағым,
Бұрам көптің назарын.
Компьютерге сан түрлі,
Бағдарлама жазамын.

Мен – ақылды баламын,
Таудай үлкен талабым.
Айти деген саланың,
Мамандығын аламын.

Есепші

Таныстырам бұл істі,
Білер дұрыс, бұрысты.
Есептейді есепші,
Шығыстар мен кірісті.

Қызықтырар талайды,
Керегіңе жарайды.
Есепшінің жұмысы –
Ақшаларды санайды.

Полиция сақшысы

Оған елде жақсылар,
Тыныштықты тапсырар.
Тәртіп тілер полиция,
Керек маман – сақшылар.

Оған сенім артыпты,
Әділдікке тартыпты.
Сақшы болғым келеді,
Талап етер тәртіпті.

Құрылысшы

Баспана алдық – тигенді,
Тұрам биік үйде енді.
Құрылысшылар салады,
Зәулім-зәулім үйлерді.

Халық үміт күтті ғой,
Еңбек сырын ұқты ғой.
Ғимараттар салатын,
Құрылысшылар мықты ғой!

 

Мұнайшы

Ұл-қыз жалғап тізбекті,
Мамандығын іздепті.
Қазірден-ақ таңдаймын,
Мұнайшылық қызметті.

Ойды алға бұрайын,
Дап-дайын боп тұрайын.
Күллі әлемге танытам,
Қазағымның мұнайын.

Әскери офицер

Суықтарға тоңбайды,
Қаруларын қоймайды.
Әскерлерім жау келсе,
Отанымды қорғайды.

Орғып өтер тастардан,
Әскер болу – басты арман.
Қорғанысын елімнің,
Офицерлер басқарған.

Аспаз

Алғыс алып кісіден,
Тағам жайын түсінем.
Аспаз болып өскенде,
Дәмдеп тамақ пісірем.

Ең жоғарғы санатты,
Маманнан нұр тарапты.
Аспаз дәмді пісірер,
Түрлі-түрлі тамақты.

Дәрігер

Жастар менен кәрілер,
Ауырғанда дәрі бер.
Жан мен тәнді емдейді,
Мейірімді дәрігер.

Көрсем ғажап күйге енем,
Қайтам жайнап үйге мен.
Денсаулықты күтуді,
Дәрігерден үйренем.

 

Ұшқыш

Зырлап Әлем тұсынан,
Озам аспан құсынан.
Ұшқыш болып әлі мен,
Ұшақтарды ұшырам.

Көрем жақын Күн, Айды,
Көңіл жерде тұрмайды.
Көп елдерді көретін,
Ұшқыш болған ұнайды!

Кәсіпкер

Өмір жолы ашық, кең,
Нақты қадам басып па ең?
Кәсіпкер боп танымал,
Айналысам кәсіппен.

Батасымен атаның,
Еңбек дәмін татамын.
Кәсібімді дамытып,
Өнімімді сатамын.

 

Дизайнер

Үйге ізденіп қайтқанмын,
«Кім болам?» деп айтқанмын.
Дизайндарын жасаймын,
Кітап, журнал, сайттардың.

Тамсандырам талайды,
Көп идея тарайды.
Дизайнерлік жұмысты ,
Көңіл сондай қалайды.

Мұғалім

Білім өзен, шың-құзды,
Бар әлемді білгізді.
Тәрбиелеп ұрпақты,
Оқытады ұл-қызды.

Мамандық бұл ырысты,
Жалғастырам ұлы істі.
Өскен кезде таңдаймын,
Мұғалімдік жұмысты.

Саят ҚАМШЫГЕР

 

ПІКІР ЖАЗУ