«Отан! Отан! Бәрінен биік екен!»
2021-жылға тұспа-тұс келіп отырған көптеген айтулы мерекелі сәттер бар. Соның бірі еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуы. Осыған орай «Отан! Отан! Бәрінен биік екен!» деген тақырыпта бәйге шарттарын жариялаған болатынбыз. Ол «бапйқау» мәтіні журналымыздың үшінші бетінде үздіксіз беріліп келеді. Жылдың жартысы өтті, қоржынымызға келіп түскен материялдардың толымдылары тым көп емес. Оқушыларға үлгі болсын деп Айша Бахтиярқызының жазғанын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Соңғы жарты жылдықта талантты балалардың тартымды шығармалары тоқтаусыз келіп түседі деген үміттеміз!
«Отан! Отан! Бәрінен биік екен!» Тәңір сыйлаған жаныма жақын, құлағыма жұмсақ естілетін, естігенде жұдырықтай жүрегімді қуаныш кернейтін тәтті ұғым, ол менің Отаным Қазақстан, елімнің басына қонған бақ құсы. «Отаным егемендікке қалай қол жеткізді, қандай тарихи кезеңдерді бастан өткізді?» деген сұрақтарға жауапты төл тарихымызбен танысу арқылы көз жеткізіп келеміз. Аллаға сансыз шүкір біз бақытты баламыз. Бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Біздің өз еліміз, өз жеріміз, өз рәміздеріміз, ұлттық теңгеміз, өз тіліміз, ата заңымыз бар. Біз енді ешкімге тәуелді емеспіз.
Алдымызға жеке мемлекет құрдық. Елімізге болашақ жастарға дұрыс бағыт сілтейтін – кемеңгер көшбасшымыз бар. Біз болашақ жастардың ешқандай мұңымыз, қайғымыз жоқ. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш, берекелі, бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Бір шаңырақ астында қазақ ұлтымен бірге көптеген этнос өкілдері тату- тәтті тұрамыз. Бәріміз бірлікте, татулықта, ынтымақтастықта жүріп жатырмыз деп айта аламын. Сондықтан біз бақытты ұрпақпыз.
Біз болашақ жастар тәуелсіздік қайдан келді – деп бір сәт ойланайық! Осы тәуелсіздік жолында көптеген аға — әкпелеріміз құрбан болды. Әділдік үшін бас көтерген жас боздақтардың маңдайы тасқа соғылды. Жас аға – әпкелеріміз өз елімізді, өз жерімізді басқаратын – қазақ азаматы болсын деп жанайқайын жеткізді. Өкініштісі, ол сөз бостандығы жастардың басына «ұлтшылдық» деген жала болып жабылды. Сол бір күнгі ұмытылмас оқиға бүкіл ұлтымыздың жанын жаралап, жүрегіне аяз бүркіп, ызғар шашып кеткен болатын. Тәуелсіз ел боламыз, өз елімізді қазақ ұлты басқарады деп, тәуелсіздік тұғырын көтеріп, ел үшін жанын беруге дайын болған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхаметжановаларды ерекше атап өткім келеді. Ақиқаттың жолы қиында қатерлі деген осы шығар бәлкім.
Біз — бақытты ұрпақпыз. Себебі ата- бабамыз көрген шапқыншылықты, табаны тілім-тілім болған босқыншылықты, бір түйір дәнге зәру болған аштықты, талай боздақтың жанын алған сұм соғысты мына біздер, жас ұрпақ көргеніміз жоқ. Бейбіт өмір мен қатар, аталарым армандаған, өз қолы жетпесе де келер ұрпағы үшін күрескен, қазып қалсаң асты қазынаға толы кең байтақ жерді, сөзге бай шұрайлы тілді, тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүр құндылықтарды, ең басты тәуелсіздік тұғырым, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып жатқан жарқын кемеңгер ұрпақпыз. Әлем картасының бетін ашқанда тоғызыншы орынды алып жатқан кең байтақ Отаным Қазақстан туған өлкем тәуелсіздіктің арқасында күн санап дамып, озық 50 елдің қатарына кірді. Біз қазақ жастары дәстүрінен шатаспаған, өз тілін құрмет тұтқан, өз тілінің мәртебесін көтеріп келеді. Тәуелсіздік ол ата-бабамыздың аманаты, біз Тәуелсіздікті баянды ету жолында аянбай білім алып еңбек етуіміз керек.
Біз тәуелсіз Отан, азат елміз, біз Мәңгілік елміз! Тәуелсіздігіміздің 30 жыл бойы басынан өткерген жетістіктеріне қуана отырып, «біз қазақпыз, мен қазақпын!» — дегім келеді. Қазақ болып туғаныма әрқашан мақтанамын. Тілім – туым, жерім – жақұтым, дәстүрім байлығым, елім – бабамнан қалған асыл мұрам. Сол мұраны көзімнің қарашығындай қорғау менің және бүкіл қазақ жастарының қасиетті борышы. Тәуелсіздік бізге аманат етіп тапсырылды. «Аманатқа қиянат жасама» демекші» аманатымызға адал болайық. Мен өз елімді шынайы жақсы көремін. Қазақстан атты мемлектте туып өскеніме қуанамын. Қазақ елі өркендей берсін, көк байрағымыз аспанымызда мәңгі желбірей берсін. «Отан! Отан! Бәрінен биік екен, Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем!».
Балтабай Айша Бахтиярқызы
Жамбыл облысы,
Шу ауданы, Шу қаласы,
Жібек жолы мектеп-лицейі
2 «А» сынып оқушысы
Жетекшісі:
Момбекова Айкен Тоқтасынқызы