Біз рәміздерді құрметтейміз
Қазақстан Республикасы – тәуелсіз мемлекет. Әр тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін Ата заңы, Президенті және мемлекеттік рәміздері сияқты белгілері болады. Қазақстан Республикасының Ата заңы — ҚР Конституциясы, ал Президенті- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болса, мемлекеттік рәміздерге Елтаңба, Ту және Гимн жатады. Бүгінгі эссемде мемлекеттік рәміздерімізге тоқталғым келіп отыр. Осы соңғы кезде «Біз мемлекеттік рәміздерімізді тиісті деңгейде құрметтеп жүрміз бе?» деген сауал мені қатты ойландырып жүр. Мүмкін біз олардың мәнін жеткілікті деңгейде білмей жүргендіктен, рәміздерімізге деген құрметіміз төмен шығар?! Олай болса, мемлекеттік рәміздеріміздің тарихына шолу жасайық.
Егеменді еліміздің мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда қабылданғанын барлығымыз білеміз. Олар жайдан-жай алына салған жоқ. Рәміздеріміздің қай-қайсысын алсақ та үлкен мән, мағына жатыр деп ойлаймын . Нақтырақ айтсақ, Елтаңбадағы шаңырақ Отан бейнесі, ортақ жерде өмір сүріп жатқандықты білдірсе, ал қанатты қос пырақ шексіз өмірді бейнелейді, жоғары жағындағы жұлдыз елтаңбаның тәжі, мемлекетімізге жол нұсқаушы деп білемін. Төменгі жағындағы «Қазақстан» жазуы әлемге осындай тәуелсіз мемлекет бар екендігін паш етіп тұрғандай. Елтаңбаның бұл нұсқасы 230-дан астам жұмыстың ішінен таңдалып алынған Жандарбек Мәлібекұлы мен Шота Уәлихановтың туындысы еді.
Халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған Гимніміз туралы айтқанда, 1992 жылы Мұзафар Əлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дəрібаеваның сөздеріне жазылған алғашқы Əнұранымыздың өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарғанын айта кету керек. 2006 жылғы 6 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рəміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін 10 қаңтар күні Ж. Нәжімеденов пен Н.Назарбаевтың сөзіне, Ш.Қалдаяқовтың әніне жазылған «Менің Қазақстаным» ресми Гимн болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарих парағына жаңа Гимннің туған күні ретінде жазылды.
Ту — мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рəміздің бірі. Туымыздың түсі төбедегi бұлтсыз ашық аспанды, Қазақстан халқының береке-бірлігін, ынтымағын, ниет-тілектің тазалығын, адалдығын бейнелейді. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты, күш-қуатты меңзейдi. Қанатын жайған қыран құс –алға қойылған мақсаттар мен жарқын болашақтың, қырағылық пен мəрттіктің символы іспеттес. Суретшi Шəкен Ниязбековтің қолынан шыққан ҚР мемлекеттік Туы талай додаларда желбірегенін ешкім жоққа шығара алмас.
Міне, мемлекеттік рәміздеріміздегі әрбір элементтің өзіндік мән-мағынасы бар. Сондықтан ҚР әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті . Ал рәміздерімізді құрметтеуді әркім өзінен бастау керек деп ойлаймын. Жақында әлеуметтік желілердің бірінен ҚР әншісі Димаш Құдайбергеннің шетелде жүріп, жерде жатқан еліміздің Туын көтеріп алғанын көрдім. Міне, бұл үлгі алатын жайт .Осылай әрбіріміз рәміздерімізге құрмет көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Менің ойымша, мемлекеттік рәміздерді құрмет тұту адамзаттың, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін арттырады.
Қорытындылай келе, дархан халқымыздың асқақ рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, келешекке деген үмітін, арман-тілегін паш ететін, ортақ мақсатқа топтастырып, біріктіруші күшке ие — мемлекеттік рəміздерді көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлей білейік! Ашық аспанда көк Туымыз желбіреп, Гимніміз асқақтай берсін!
Тілекқабылқызы Нұрай, жас тілші,
Ақтөбе қаласы, Үш тілде оқытатын
№21 орта мектеп-гимназиясының
10 «Б» сынып оқушысы