«Тарихтан тағлым – өткенге тағзым»

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Павлодар қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» дәстүрлі халықаралық жобасының аясында іс-шара өтті.

 

Қазақ халқының тарихында, халық жадында ұмытылмастай із қалдырған қасіретке толы зобалаң жылдарда құрбан болған боздақтарды еске алу, бүгінгі ұрпақ – бізге парыз. 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгіленген болатын. Содан бері халқымыз 1929-1933 жылдары тағдыр тәлкегіне түсіп қаза болған 2 миллион және 1 миллионға жуық жан сауғалап, елден босып кеткен боздақтарды еске алып, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 31 мамырдағы Үндеуінде «Саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген, 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды» деп жазылған. Яғни, қызыл одақ салған ылаңнан 4 миллионға жуық боздақ қырғынға ұшырағанын еске алсақ, өткенге салауат, бүгінімізге тәубә қылуымыз заңдылық.


Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Вакиль Набиев, Наталья Дементьева, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, депортацияланған және қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылардың ұрпақтары бас қосқан жиында Павлодардағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары мемориалы мен Жүсіпбек Аймауытов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тарихи-құжаттық көрмені аралады.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі: тарих және естелік» ғылыми-практикалық форум барысында спикерлер ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі рөлін, жалпыұлттық топтастырушы тарихи сананы одан әрі сақтау және тарату және тәжірибені болашақ ұрпаққа беруде азаматтық сектор мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру қажеттілігі де талқыланды.

Марат Әзілханов:
– «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктің шекарасынан асып түсті. ХХ ғасырдағы тоталитарлық депортациялар мен репрессиялардың трагедиясы ХХІ ғасырда бүкіл әлемде өмір сүретін миллиондаған адамдардың тағдырында көрініс табады», -деді жиын барысында.

ҚХА Төрағасының орынбасары тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және өткеннің қайғылы беттерін объективті зерттеу бойынша жұмыстар бүгінгі күні де белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Комиссия жұмыс істеп жатыр. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, халықтарды депортациялау, 30-шы жылдардағы ашаршылық туралы естеліктерден біздің елімізде ұлы дәстүр – Алғыс айту күні пайда болды. Форумның пленарлық отырысының жалғасында секциялар жұмысы аясында Қазақстанның ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасуы, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін, Қазақстандағы этностардың жер аударылуы, Ұлы Отан соғысының тарихы және т. б. мәселелер талқыланды. «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» жобасы жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтары қағидаттарында қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға бағытталған.
Халықаралық жоба 2010 жылдан бастап жыл сайын өтіп келеді. Жоба аясында бірнеше ғылыми-ағартушылық кітаптар, монографиялар, деректі фильмдер түсірілді. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатымен бірлесе депортация тарихына арналған құжаттар жинағының бірнеше томы жарық көрді.

Арай Аспан

ПІКІР ЖАЗУ