Майнкрафт

Аружан, тез майнкрафтқа кір! Кешегі құрылысты бітіріп тастайық.
Қазір.
Бұл Нұрайдың ұйқыдан тұрғандағы алғашқы ісі. Жаңа құрылысын міне-міне
аяқтап қалды.
Мерей, Нұрай! Таң атпастан телефонға кіріп алғанын қара бұлардың! Таста телефонды. Тұрыңдар, таңғы ас ішеміз. Әлі інілеріңді балабақшаға апару керек.
Түу, мама үйімді жаңа ғана бітіріп келе жатыр едім. Құрттыңыз ғой бәрін.
Мерей әпке, кешке сабағымызды оқып болған соң бірге ойнайықшы.
Мақұл, сабағымызды оқып болған соң ойнаймыз. Бірақ бүгін Арай әпке келеді. Білесің ғой, ол келгенде үй тап-тұйнақтай жиналып тұру керек.
Ура, Арай әпке келеді.
Арай Алматыда қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқиды. Үй-ішін төрт ай көрмеді, әсіресе кішкентай қылығы тәтті інісін сағынып келеді.
Ертеде Керей ханы Құршақұз балалары туралы былай депті: «Бір-біріне жақын тұрса – тебіседі, ал алыс тұрса – кісінеседі». Бұлар да солай. Сағыныштары шамамен ары кетсе бір-екі күннен соң басылады. Ары қарай сөз қайтару, қағысып қалу басталады. Әсіресе Нұрай мен Арай әпкесі:
Нұрай, тастаңшы телефонды. Ішінде не бар өзі? Әкелші бері, не қарап отырсың?

 


Тағы да майнкрафт па? Мұның несі қызық? Шынайы өмірге келсеңші.
Арай әпке, мұның пайдасы өте көп. Майнкрафт адамдарды өмір сүруге, қалай өмір сүру керектігін үйретеді. Мысалы, майнкрафтқа жаңадан кірген кезде сенде ештеңе болмайды. Көздеген мақсатқа жету үшін еңбектену керек. Ойыншының мақсаты – ұзақ уақыт бойы өз күшімен темір, алтын, күміс, алмаз сияқты асыл тастарды жинау. Олардан мен үй, семсер, алтын алма жасаймын.
Сол үйіңді виртуалды әлемде емес, шынайы өмірде-ақ тұрғызсаңшы. Үй салмасаң да, үй жина. Сол-ақ сенің үй тұрғызғаның болсын.
Ой, қойшы, Арай әпке. Қарашы, мынау қызық қой. Мұнда ойыншылардың өз деңгейлері бар. Алғашқысы «нуб». Ол ойын туралы ештеңе білмейтін ойыншы. Қолынан тек темір, көмір, алтын, күміс дегендерді ғана жинау келеді. Одан жоғары деңгейдегілер «про»-ойыншылар, яғни профессионалдар. Олар тек алтын, күміс қана емес, одан да құнды заттар жинай алады, соларды пайдаланып мықты үйлер салады.
Сен қай деңгейдесің?
Мен «про» деңгейдемін.
Мықты өмір сүре алады екенсің ғой. Сол жерде сенің тағдырың жазылып тұр ма екен? – деді әпкесі мысқылдап.
Арай әпке, жыныма тимеші.
Жарайды, ойын ойынымен. Қарашы, сен ойын ойнап отырғанда, сыныптастарың сабақ оқып отыр, ертең сенен жоғары баға алуға дайындалып жатыр.
Мен сабағымды оқып қойдым.
Онда неге бос уақытыңды пайдалы дүниеге жұмсамасқа? Мысалы, кітап оқы.
Кітап жоқ қой.
Қалай жоқ, жарығым-ау? Сендер оқысын деп анау сөренің бәрі кітапқа толып тұрған жоқ па?
Олар қызық емес.
Қызық емес дейтіндей сен оларды оқымадың да ғой. Жоқ дегенде ауылдық кітапханаға барсаңшы. Сол жақтан ұнатқаныңды ал.
Барғым келмейді.
Сонда сен не істегің келеді? Бәрін дайын қылып сенің аузыңа тосып отыруымыз керек пе екен? Өзің айтпақшы, мақсатқа жету үшін еңбектену керек. Шынайы өмір сүруді үйрен, Нұрай!
Мақұл, Арай әпке.
Мерей, сен әлі кәрістің дорамаларын қарап жүрсің бе? Нұрайдікі түсінікті. Ал дорама сені неге үйретіп жатыр?
Мотивация! Әртүрлі саладағы адамдардан үлгі алам!
Болды, болды, осы жерден тоқта! Үлгі алатын кісіні тауыпсың. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы. Міне, нағыз кумирлер. Осыларды үлгі тұт. Эх… Кітаптың қандай үлкен пайда тигізетінінін білмейсіңдер ғой. Біріншіден, таным көкжиектерің кеңейеді, білімдеріңді толықтырасыңдар. Екіншіден, сөздік қорларың молаяды. Кез келген ортада қысылмай өз ойларыңды еркін жеткізе аласыңдар. Кітап оқыған адам әрдайым қатарының алды болады. Естеріңде болсын, Абай атамыз айтпақшы, «Адам адамнан білімі арқылы ғана озады». Қысқасы, Нұрай, Мерей, ертең екеуің де кітап оқып отыратын болыңдар!
Құп болады, әпке! – деді екеуі солдаттарша қолдарын бастарына тигізіп.
***
Жұманың керемет таңы. Әпкесі келгелі үйдің кенжесі де балабақшаға баруды қойды. Таңнан кешке дейін әпкелі-інілі екеуі шүйіркелеседі де жатады. Құмарлары бір қанбайды.
Мерей мен Нұрай әпкелерінің кешегі тапсырмасын орындады ма екен?
Сендер не істеп отырсыңдар? Кешегінің бәрін мен қабырғаға айттым ба? Тастаңдар қане, телефонды.
Арай әпке, біз кітап оқып отырмыз. Электронды кітап. Міне, мына орысша кітап тамаша екен.
Ай, шаш ал десе бас алатын сіңлілерім-ай! Шынайы кітапқа ештеңе жетпейді. Кітапты ұстап көрмей, парақтарын парақтамай, оның иісін иіскемей қалай оқуға болады? Телефоннан келетін зиян еселеніп жатыр ғой. Анау әдемі көздеріңе обал болады. Сосын сендер қазақшаларыңды қатырып алыңдаршы. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дейді. Орысшаңды кейін оқисың.
Бұлар қазір әпкесі барда оқып жүр ғой. Ол кеткен соң кітап та бір бұрышта қалар ма екен, кім білсін?

***
Анасы:
Нұрайка, жарайсың! «Бебрас» олимпиадасынан 1-орын алыпсың. Жарадың, қызым!
Арай:
Сенің де қолыңнан бірнәрсе келеді екен ғой. Иә, бұл қандай жарыс? Қалай 1-орын алып жүрсің?
Бұл «Бебрас» деген олимпиада. Мұнда майнкрафттың құрылымындағыдай ережелер болады, тапсырмалары да сондай.
Бәсе, өзіңнің бұрыннан айналысатын ісің екен ғой. Оның да бір пайдасы тиіпті. Жарайсың, Нұрай!
Адамдар өмірдің тек көлеңке тұстарын көріп үйреніп қалған. Керек емес дегеннің өзінен пайдалы дүние жасап шығаруға болады. Мысалы, Нұрай зиян деген майнкрафттың пайдалы тұсын тапты. Кез келген нәрсенің пайдасы бар. Тек оны өз жөнімен өз пайдаңа шеше алсаң болғаны. Бұған аздап тапқырлықты іске қосу керек. Жас дос, ал сенің жасап жатқан істерің өзіңе, айналадағы адамдарға пайдасын тигізіп жатыр ма?

Аяулым Әбілда, Алматы қаласы

ПІКІР ЖАЗУ