Адал жол

Адам баласының мінезіне қалыптасқан бағалы қасиеттің бірі – адалдық. Адалдық ұғымын әртүрлі түсіндіруге болады. Мәселен, досқа адалдық, сертке адалдық, ата-анаға адалдық, табиғатқа адалдық, еңбекке адалдық, Отанға адалдық, қызметке адалдық. Адамдықтың ең басты белгісі осы адалдық. Адалдық дегеніміз – шыншыл болу. Адал адамның әрқашан жаны таза, ар-ұжданы берік болады. Ұятты бірінші орынға қояды. Ешқашан ешкімге зиянын тигізбейді. Адал жолдан таймайды.

 

Ұлы философ Әл-Фараби: «Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болуы – өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады» деген. Яғни, адал адам өзгелерге сыйлы, үлгі бола алады.
Өз іс-әрекетімізбен басқаларға үлгі бола білейік. Себебі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың адал болуы алдыңғы ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Еліміздің болашағы – жастар патриоттық сезімде, адал еңбек етуге, біреудің еңбегін пайдаланбауға ерте жастан тәрбиеленуі қажет деп ойлаймын.
Қазіргі кезде теледидар, газет-журнал беттерінен жиі естіп жүрген жемқорлық сөзінің мағынасы бәрімізге таныс. Жемқор болу ол – Отанына сатқындық жасау. Қызметін пайдалану. Қылмысқа бару. Адалдықтан таю. «Адалдық қайда болса, тіршілік сонда» — деп Қ. Насыри айтқандай, өкінішке орай бұл қазіргі кезде қоғамды жайлап, тіршілікті жойып келе жатқан үлкен індет болып отыр. Қазір байқап қарасақ адамдар рухани байлықтан гөрі материалдық байлықты бірінші орынға қоятын сияқты. Бұл, әрине, мемлекетіміздің өркендеуіне кері әсерін тигізеді. Мемлекетіміздің дамыған елдер қатарынан көрінуіне кедергі келтіреді. Сондықтан да әрбір адам осы мәселеге жайбарақат қарамауы керек деп есептеймін.
Адал жолдан тайған адамның өмірі ешқашан тыныш болмайды. Қарапайым мысал, адам егер өтірік айтып, ұрлық жасаса оның тыныштығы бұзылып, өзін іштей жейді. Яғни, ол өзгеге зиянын тигізіп қана қоймай, өзіне де зиян шектіреді. Түбі бақытсыздыққа апарады. Егер де сен өмір бойы бақытты болғың келсе, онда адал болуға тырыс. Жаман іс-әрекеттен аулақ бол. Ең алдымен адам өз ойын түзету керек. Себебі ойың жақсы болса, жақсы сөйлейсің, дұрыс әрекет жасайсың.
Мен өз достарыма Отаныңды сүй, адамдарды құрметте, білім мен еңбекке ұмтыл, мемлекетіміздің болашағы айқын болсын десең көрегенділік пен адалдықты ту етіп ұстан дегім келеді. Бастысы – адал жолдан айнымайық!

Аяулым СЕРИКОВА,
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы,
Б.Амалбеков атындағы мектептің 8-сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *