Жас талапкерге мүмкіндік көп

Ұлттық Бірыңғай Тестілеу – 2004 жылы еліміздің білім жүйесіне енгізілген, 11 жылдық біліміңді көрсететін сынақ. Әрбір 11-сынып оқушысының да мақсаты – осы сынақтан сүрінбей өту. «Биылғы ҰБТ өзгереді, грант саны азаяды, уақытың тым аз қалды» деген сөздердің бәрі оқушының психологиясына ауыр тиеді. Өзі физикалық тұрғыдан үлгермей жүргенде, осындай психологиялық шабуыл талапкердің жігерін мұқалтады.

Иә, компьютермен жабдықталған орталықта серпін камерасының бақылауында отырып сынақ тапсырамыз. Тест сұрақтарының базасындағы міндетті қазақстан тарихы пәні мен математикалық сауаттылықтан 5 сұрақ қысқарса, керісінше бейіндік пәндерге 5 сұрақтан қосылды. Әлі ресми хабарланбаса да «2021 жылы ҰБТ сұрақтары 70% өзгереді» деген әңгіме жиі айтылады. Дегенмен, мүмкіндіктерде жоқ емес. ҰБТ-ны наурыз айынан маусым айына дейінгі100 күннің бірінде тапсырасың. Ал бұрындары қандай еді? Бір апта бойы Қазақстанның барлық талапкерлері жүйкеге жүк түсіріп, үлкен уайыммен, сасқаннан білген мәліметті ұмытып тест тапсырып шығатын.
Сонымен, наурыз айы. ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталып кетті. Жас түлек, мүмкін сен қазір «менің дайындығым нашар, әлі бейіндік пәндерге дайындалып үлгермедім, грантқа түспей қалсам не болмақ?» деген ойлармен өзіңді жегідей жеп жүрген боларсың. Бұл әрбір талапкердің басынан өткен. Бүгін, осы сауалдарға жауап алу мақсатында ҰБТ-дан жоғары бал жинаған әпкелерден кеңес сұраған болатынмын.

 

Арайлым Ерубай, филиология факультетінің 2-курс студенті. ҰБТ-да 125 бал еншілеген:
Сұрағыңды тыңдап, бір кездердегі өзімді еріксіз еске алдым. ҰБТ өмірдің соңы емес. Бірақ жоғары бал жинап, грантқа түссең өмірің жаңа арнаға ауысады. Дайындық барысында ешнәрсеге мән берме. Мейлі, өзіңе арналған жеке бөлме мен дайындалатын тыныш орын болмаса да дайындығыңды тоқтатпа. Шынымен оқуға түсуді қалаған адамға бұлар кедергі емес. Ешқашан кеш болмайды. Тіпті, 1 ай қалғанда дайындалып жоғары бал жинаған достарым да бар. Сондықтан, өзіңді дәл қазір қолға ал.

Оралгүл Қанатова, «Ұлы Дала ҰБТ» дайындық курсының куратор маманы:
Мен ҰБТ тапсырған жылдары біршама оңай болатын. Бірақ грантқа түспей қалу ұят секілді еді. Бүгінде заман өзгерді. Сен грант жеңіп алмасаң, ешкім сені сынай қоймас. Өзіңді шектемей, айналаға көз салсаң мүмкіндіктер көп. Грантқа түспей-ақ өз шыңын бағындырып жүргендер қаншама? Бірақ, қазіргі түлектерге жағдай барынша жасалған деп ойлаймын. Осыдан 2-3 жыл бұрын кейбір елді мекендерде ҰБТ-ға даярлайтын білім орталықтары болған жоқ. Ал қазір кез келген аймақта мұндай орталық табылады. Орталыққа барғың келмесе, онлайн курстарға жазыл. Тек өзіңе қажетті курстық бағдарламасы бар орталықты таңдаудан қателеспе. Үйде отырып, тікелей эфирде мектеп бағдарламасымен қатар ҰБТ базасындағы жаңа сұрақтарды талдайтын боласың. Ондай курстардың бағасы да қолжетімді. Әрі уақытыңды үнемдейсің, физикалық шаршамайсың. Келесі мәселе – мотивация. Көптеген түлектер ата-ананың, ұстаздың қолдауы жоқ дейді. Нағыз мотивация ата-анаңның көзінде. Олар саған не айтарын өздері де білмейді. Қате айтып қоярмын, өзі шешсін деп ойлайды. Бірақ көздері «мен саған сенемін, сен грантқа түссең ғой» деп тұрады. Енді сенің кезегің, жас түлек. Ата-ана үмітін ақта, дайындығыңды жүйеле!

Әлеуметтік желіден 2018 жылы мүмкін болған 140 балды еншілеген Шиара Құдайбергенованың парақшасын қарап отырамын. Ол да байқау тестте 91 бал алып жүрген екен. Бірақ ниетінің, болашаққа деген сенімділігінің арқасында ең жоғары нәтижеге ие болғанын айтады.
Мен де биылғы жылдың түлегімін. Сенің де мен сияқты мектепті абыроймен бітіріп, арманыңа жетуді мақсат еткенін белгілі. Олай болса, жас түлектер, ешнәрсеге қаймықпай, тек алға ұмтылайық. Шиара Құдайбергеновада болған тәтті сезімді әрбіріңнің сезінулеріңе тілектеспін!

Жазира Бекболатова, жас тілші,
Түркістан облысы, Шардара ауданы,
Қ. Аманжолов мектебінің
11-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ