Жүз жаңа есім жастарға қандай мүмкіндік береді?
XXI ғасыр біз үшін мүмкіндіктер дәуірі ретінде есте қалмақ. Неге дейсіз бе? Себебін 2017 жылдың озық идеясына айналған «Жүз есім» жобасы жайлы жазып жеткізгім келеді. Жалпы алғанда, бұл жобаның қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын біріміз білсек, біріміз білмей, қалыс қалып жатырмыз. Ендеше, бүгінгі мақала арқылы сіздерге осы жоба туралы кеңінен түсіндіре кетемін.
Қай заманды алып қарасақ та өзінің тұлғаларымен есте қалатындығын көреміз. Яғни, әр дәуірдің өз идеалы бар. Осы уақытқа дейін біз өткеннің адамдарын үлгі көріп жүрдік. Демек, өткеннің әрбір бөлшегін тыныш қана өз заманында қалдырып, болашаққа қадам басатын сәт келді. Біз де ертеңгі күні өткен ретінде артта қаламыз, сол үшін бүгінгі күні өз идеалымызды қалыптастыруымыз қажет. Ал «Жүз жаңа есім» жобасы осыны айқындай түседі. Сонда оның жастарға келіп-кетер несі бар? Қандай да бір әрекетті бастамас бұрын біздің алдымызда үлгі болуы керек. Қарапайым мысал: біз кітап беттеріндегі тапсырманы орындамас бұрын ең алдымен үлгісіне көз жүгіртеміз. Сол сияқты «Жүз есім» де жастарға берілген үлгі.
Бұл жоба арқылы олардың жаңа қырлары ашылады. Жастар арасындағы суицид азайды, себебі бәсекелестік артуда. Жүз есімге енген адамдардан мотивация алады. Қазіргі жастар айтылған сөзге емес, әрекеттерге сенетіні рас. Ал ол әрекеттерді алғашқылардың бірі болып мемлекет жасап отыр. Осы жобаны дүниеге әкелді. Бұл арқылы жас буынның алға ұмтылуына, өзін жан-жақты дамытуына себеп табылады. Нақты жобаның өзі болмаса да оған енген адамдар жастардың дамуына біраз пайда тигізеді. Жобаның үздіктері арқылы барлық нәрсенің оңайлықпен келмегендігін түсінеді. Оған дәлел ретінде Жүз есімге алғашқы болып енген Қайрат Молдасеитовтің табысты бизнесмен дәрежесіне жету үшін өз мансабын қара жұмыс істеп бастағанын айта аламын.
Жоба арқылы жастар өмірді басқа тұрғыда қабылдайды. Өз ойларында XXI ғасырды қорқынышты етіп елестетуден арылады. Жүз есімге енген әрбір адам – өз өмірінің білікті маманы. Солардың кез келгенін өз идеалдарына айналдырудың арқасында бойларында сенімділік пайда болады. Кімге ұқсау керек екендігін ұғады. Жеңіліс пен жеңістің ақ-қарасын сараптап үйренеді. Осының бәрі бір ғана жобаның мүмкіншіліктері. Дегенмен, бәрі жастардың өз қолында, яғни жобаны қалай қабылдауында. Барлық нәрсе біздің ойымызда жүзеге асады. Жастар «Жүз есім» жобасын өздеріне ашылған мүмкіндік ретінде түсінсе, демек жобаның нәтижелі болғаны. Бұл жерден жоба ғана емес, жас буынымыз да рухани табысқа жетеді. Ал басқа жағдайда екеуі де құрдымға кетеді.
Әсем ДҮЙСЕНБЕК, жас тілші, Жамбыл облысы