Алғыс айту күні ынтымақты нығайтады

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің белгіленгеніне 5 жыл толуына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының дөңгелек үстелі өтті.

 

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары М.Бекбаева мен З.Кузиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктері мен жастар қанатының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген Алғыс айту күнінің 5 жылдығының біріктіруші рөлін, яғни қазақстандық құндылықтар – ұлттық бірлік пен келісімді, қоғамдық ынтымақтастық пен өзара қолдауды, достық дәстүрлерін жаңа ұрпаққа түсіндірудің маңыздылығын талқылады.
Биыл 5 жыл толып отырған Алғыс айту күні 2016 жылғы 14 қаңтарда сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың №173 жарлығымен бекітілген болатын. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында «қазіргі Қазақстанды мекендеген этностық топтардың ортақ тарихи тағдыры халықтың ділінде, оның өмірлік көзқарастары мен ұмтылыстарында жағымды көрініс тауып, барлық этностарға ортақ құндылықтар мен идеалдарды қалыптастырғанын» атап өтті.

Көп этносты Қазақстан халқының қалыптасу тарихын аша отырып, Елбасы Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген ұсыныс жасаған болатын. Сол уақыттан бері 1 наурыз – Алғыс айту күні елімізді мекен ететін этностар мен ұлтымыздың достығын бұрынғыдан бетер жақындастырушы риясыз көңіл мен татулықтың, сыйластықтың белгісіне айналып келеді.
Жиынның ашылу салтанатында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев биыл Тәуелсіздігіміздің мерейлі, мерекелі 30 жылдығын атап өте отырып, Алғыс айту күніне ерекше мән-мағына беріліп отырғанына ерекше тоқталды. Тәуелсіз еліміздің құрылуы мен дамуының бастауларында болған адамдарға айрықша алғыс айтылды. Ең алдымен, ата-бабаларымыздың азаттық пен егемендік туралы ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырғаны үшін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғыс пен ақжарма тілектер арналды.
Қырымбек Көшербаев заманауи сын-қатерлерге бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі заманғы жағдайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалармен қатар қоғамдық сананы жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Негізінен біздің қоғамды рухани жаңғыртудың маңызды бағыты саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ауқымды жұмыстарды аяқтау болуы керек. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген халықтар үшін қазақ жері нағыз баспанаға айналды. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, әділетсіз сотталғандардың адал есімін қайтару – міне, біз өзімізге ризашылық білдіретін ұрпақтардың жадында осыны қалдыруымыз керек. Бұл сондай-ақ, ашаршылықтың қайғылы салдарына, «Алаш» қозғалысының жетекшілерін жоюға, көптеген шынайы патриоттардың тағдырына, халқымыздың тарихын бұрмалау әрекеттеріне де қатысты»,-деді Мемлекеттік хатшы. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қазақстандықтарға әрқайсының игілігі мен еліміздің өркендеуі жолында күнделікті еңбектері үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ «Тұңғыш Президент жолымен – бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» халық экспедициясы» ҚХА жобасының және «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафонының тұсаукесері болды. Білім және денсаулық, азаматтық қоғам саласының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен студенттер де пікір алмасып, лебіздерін білдірді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ