Бауыржан Карипов: «Адам емес, адамның жасағаны бренд»

Сәлем, құрметті оқырман! Сен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы жас тілшілер үшін белгілі тұлғалармен кездесулер өткізетінін білесің бе? Сондай кездесулердің бірінде журна-лист, блогер Бауыржан Кариповтың әңгімесіне қанық болдық. Журналистикаға қатысты көкейдегі сауалдарға жауап алға-нымыз жақсы болды. Олай болса, сен де осы әңгіменің куәсі бол.

–Бауыржан аға, журналистикаға қашан келдіңіз?
–Мен журналистикаға 2012 жылы келдім. Одан бұрын 6 жыл ұстаздық қызметте болдым.
–Журналисте қандай қасиеттер болу керек?
–Журналистика – өте қызықты кәсіп. Журналист – еш бұрмалаусыз, түсінікті түрде халықты ақпараттан хабардар етуші. Журналист оқырманды төмен санамау керек. «Оқырман бұл туралы білмейді, түсінбейді» деген оймен шыққан материал қарабайыр болады. Сондықтан, журналисте болуы керек басты қасиет – оқырманды құрметтеу.
–Өзіңіз журналистиканың қай саласында қызмет етесіз?
–Газетте жұмыс жасаған сәттерім де болған. Ал бүгінде тележурналистикада редактормын. Кей күндері жұмыс уақыты 10-12 сағатқа созылатынына қарамастан, бұл менің сүйікті ісім. Себебі, көрермен назарына ұсынылатын материалдардағы қателермен жұмыс жасаймын.
–Мақала жазғанда нені ескеру керек?
–Журналистің мақаласы нақты объектіні қамтуы тиіс. Оқиғада болған нақты цифрлар, кейіпкерлердің эмоциялары мен психологиялық аспектілер қатар көрініс табу керек.
–Журналист болғысы келетін талапкерлерге не айтасыз?
–Мектептегі білім ешқашанда толық жетістік бермейді. Осы тұста ата-ананың рөлі де маңызды. Олар баладан барлық сабақтың «5» болуын талап етпесе деймін. Сондай жағдайлардан 11-сыныпқа барғанда оқушының үлгерімі күрт төмендейді. Шығармашылықпен айналысу өмірге керек. «Журналист боламын» деген бала эсседе кітаптағыны емес, өз ойындағысын жазудан бастасын. Ең бастысы, өзге мамандықты бітіріп те журналист болуға болады деген ойдан аулақ болыңдар. Иә, мен ұстаздықтан журналистикаға бет бұрсам да осылай деймін. Демек, бұл маңызды!
–Әлеуметтік желілердегі белсендінің бірісіз. Жастардың арасында әлеуметтік желі арқылы танылғысы келетіндер көп. Оларға айтар кеңесіңіз бар ма?
–Блогерлер адамға не пайдалы, не зиян екенін көп жазатын болды. Тіпті оқып отырып жарнама екенін білмей қаласың.Ұмытпаңдар, адам бренд болмайды, оның жасағаны мен жазғаны бренд болады. Сендер де өздерің қызығатын саланы зерттеп, белгілі бір базаға толықтырыңдар. Болашақта мүмкіндігі бар дүниелер туралы контент жасауды ұсынамын.
–Әңгімеңіз үшін көп рахмет.

Достар, егер сендер де журналист болғыларың келсе Бауыржан Карипов ағамыз айтқандай, шындықты айтыңдар және шындықты жазыңдар. Мен осы әңгімеден керемет ой түйдім.

Жазира БЕКБОЛАТОВА, Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қ.Аманжолов мектебінің 11-сынып оқушысы.

ПІКІР ЖАЗУ