Батыр мұрасы ұрпаққа ұлағат

Жамбыл өңірінде даңқты батыр Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай түрлі шаралар ұйымдастырылып, тұлғаның тағылымды ғұмыры насихатталуда. Соның бірі Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Жеңіс» саябағында орналасқан «Даңқ» залында өтті. «Тұлғасы тұнған тәлім» атты кездесуге өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған мәртебелі меймандар қатысты.
Алдымен облыс басшысы мен шараға арнайы келген қонақтар «Жеңіс» саябағындағы батыр ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, даңқты тұлға рухына тағзым етті. Одан әрі қарай «Даңқ» залына енген мәртебелі меймандар ғимарат ішіндегі соғыс жылдарындағы шерлі тарихтан сыр шертетін құнды мәліметтерге қанық болды.
Мұнда алдымен Бауыржан Момышұлының поэзиясына арналған «Сардардың жыр сарбаздары» атты монографиялық жинақтың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Кітаптың лентасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ким Серікбайұлы, жинақ авторлары Жуалы ауданының Құрметті азаматы, бірнеше мектеп оқулықтарының авторы Сәбит Дүйсебаев, М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қазақ филологиясының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова қиып, жинақ жас ұрпаққа тәлім болсын деген ниетте лебіздерін білдірді.
Бұдан кейін облыс әкімі мен Әулиеатаға арнайы ат басын бұрған қонақтар Батыр Баукең туралы әңгіменің тиегін ағытты.
«Осы жыл мерейтойлар жылы секілді. Хакім Абайдың 175 жылдық торқалы тойы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы ел көлемінде тойланып жатыр. Енді міне, Алаштың маңдайына біткен қаһарман ұлы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойына да дін аман жетіп жатырмыз. Бүгінгідей бейбіт заманымыз бен тәуелсіздігіміз бабаларымыздың арқасында мүмкін болғанын қаперден шығармауымыз керек. Елі үшін туған ерлер туралы сөз қозғалғанда Баукеңнің есімі алғашқылардың қатарында айтылады. Ол заңдылық. Біз енді өскелең ұрпақтың бойына Баукеңнің асыл қасиеттерін сіңіруге, дарытуға күш салуымыз қажет. Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі тәрбие екенін жадымыздан шығармауға тиіспіз. Әр деңгейдегі оқу орындарында батырдың еңбегін де, ерлігін де жастарға насихаттасақ, бұл ләзім іс болмақ. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батырдың сөздерінде терең мағына жатқаны рас. Жаңа ғана тұсаукесер рәсімі өткізілген «Сардардың жыр сарбаздары» деген жинақтың атауының өзі керемет екен. Біз Баукеңнің ерлігі мен ұрпағына қалдырған мұрасын насихаттауда ерінбеуіміз керек»,-деді Бердібек Машбекұлы өз ойын ортаға салып.
Өңір басшысынан соң сөз кезегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ким Серікбайұлына берілді.
«Бүгін Тараз төрінде кереметтей үлкен іс-шара өтіп жатыр. Тек Жамбыл жұртына, елімізге ғана емес, біле-білгенге Баукеңе қатысты дүниенің барлығы байырғы кеңестік мемлекеттердің бәріне ортақ. Батырдың жеңісті жақындатудағы орны қашанда бөлек»,-деген ол «Даңқ» залындағы құнды дүниелердің мәні ешқашан жойылмайтынын да атап өтті. Батыр Баукеңнің ерлікке толы істері туралы кеңінен толғанған ол өз сөзінен соң өңір басшысына ала келген сый-сияпатын табыстады.
Бұдан соң Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова сөз алды.
«Сөнген жұлдыздардың жарығы миллион жылға жетеді» деген сөз бар. Атамыз сондай адам еді. Атаның ерлігі, өсиеті мен ғибраты қай кезде де құнды деп білемін. Ол кісі ар, ұят, намыс деген ұғымдарды зау биікке көтерген тұлға. Алты Алаштың ардақты азаматының қолына біраз жыл су құйғаныма қуанамын. Журналистер атағым туралы сұрағанда: «Менде Момышұлының келіні» деген ғажап атақ бар деп жауап беремін. Келін болғаныма міне, 52 жыл толыпты. Қазақ пен атамның есімі егіз. Мен балабақша қабырғасынан бастап ата туралы сабақ өткізілсе екен деп армандаймын. Өйткені атамыз тасты жарып шыққан шынардай ұлттық деңгейге көтеріліп кеткен тұлға»,-деді ол өз ойын түйіндеп.
Сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл батыр туралы толғана келе, өз ойын отты жырымен түйіндеді. Соңынан ол «Даңқ» залына үш томдық еңбегін табыс етті. Жинақтың бір томы Ер Баукеңе арналғанын да тілге тиек етті. Сонымен қоса Бақытбек Смағұл «Даңқ» залына Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісін табыстауды да ұмыт қалдырған жоқ.
Жуалы ауданынан келген ардагер Әбілқасым Ергебеков те жүректегі сөзін айтып, батыр туған ауданнан арнайы келгенін айтты. Батырдың немере інісі, ардагер журналист Бекет Момынқұл да мәртебелі меймандар қатарынан табылып өз ойын ортаға салды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз, ақын Маралтай Райымбекұлы да бұл күні еркін көсіліп, толғана жыр оқыды.
«Мен Кеңсайда Баукеңнің қасында талай рет болып, батырға мұңымды шаққанмын. Жалпы Кеңсайға барғанда ұдайы ұлылардың рухымен сырласатынмын»,-деген Маралтай ақын осыдан 10 жыл бұрын жазған, республикалық жыр мүшәйрасында бас жүлдеге лайық деп танылған «Сұңқардың соры» атты отты өлеңін оқып берді. Ақын өлеңіндегі тың теңеулер мен терең ойлар жиналғандарды бейжай қалдырған жоқ. Маралтайдың жырына риза болысқан жұрт ду қол шапалақ соқты. Өзге де меймандар өз пікірлерімен бөлісіп жатты.
Іс-шараны қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіріп, батыр рухына арналған мерейтойлық іс-шаралар легі толастамайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол Бауыржан Момышұлының өнегесі мен ерлігін насихаттау жұмыстары ұдайы жалғасын таба беретінін де атап өтті.

ПІКІР ЖАЗУ