«Айбын» жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелейді

«Жас сарбаз» патриоттық қозғалысы шеңберінде онлайн өткізілген «Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аяқталды.
Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2014 жылы тұсауы кесілген жиын жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы бәсекеге қабілетті, отансүйгіш жастар корпусын қалыптастырды. «Жиынның мақсаты – Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жетілдіру. Қазіргі уақытта «Жас сарбаз» қозғалысының филиалдары еліміздің барлық өңірлерінде бар. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелері біздің қызметтің маңызды басымдықтарының бірі. Әскери патриоттық клубтарды, «Жас сарбаз» сыныптарын, «Смарт сарбаз» үйірмелерін ашу бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл 25 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 5700 әскери патриоттық ұйым бар, онда 200 мың жасөспірім мен қыз бала қамтылған»,- дейді ҚР Қарулы күштер бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары Ермиян Бятов. Оның айтуынша, жыл басынан бері жастарға әскери патриоттық тәрбие беру бойынша 1785 іс-шара өткізіліп, оған 200 мыңнан астам адам қатысқан. «Осы жылы елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты және қазіргі заманда еліміздің жас ұрпағын әскери патриоттық тәрбиелеуде жаңа көзқарасты талап етуге байланысты Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаевтың қолдауымен жиынды онлайн режимде өткізу туралы шешім қабылданды. Жазғы демалыс кезеңінде бұл бағыттағы іс-шараға балалардың барынша көп қатысқанан қалаймыз. Онлайн жиынның конкурстары мен жарыстары бойынша ережесі Қорғаныс министрлігінің сайтында орналастырылатын болады. Бұл балаларға «Айбын» жиынына сапалы дайындалуға мүмкіндік береді»,- деген болатын осыдан 2 ай бұрын жиынның ашылуында Ермиян Бятов.
«Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты жабылу рәсімі Тұңғыш Президент күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында өтті. ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған рәсім бейнебайланыс арқылы Қазақстанның барлық өңірінде онлайн көрсетіліп, жиынға қатысушылар тікелей эфирден бақылауға мүмкіндік алды. Аталған іс-шараға Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, жеке сынақта және «Үздік Жас сарбаз» аталымы бойынша үздік команда капитандары, жиынның жеңімпаздары қатысты.
«Айбын-2020» VI республикалық әскери-патриоттық мақсаттағы конкурсқа республиканың түпкір-түпкірінен 39 команда жарысты. Жалпы қатысушылар саны 585 адамды құрады. Жиынның конкурстарына әскери қолданбалы спорт түрлері, интеллектуалдық және шығармашылық жарыстар кірді. Нұрлан Ермекбаев: «Мен жеңімпаздарды құттықтаймын. Барлық қатысушыларға жеңіске деген ұмтылысы үшін алғыс білдіремін. Сіздер бәріңіз әскери іспен танысып, армия мен Қарулы Күштердің тарихы туралы білдіңіздер, жетістіктеріңізді, білімдеріңіз бен ептіліктеріңізді көрсеттіңіздер, жаңа достар таптыңыздар, өздеріңізді сынап көрдіңіздер»,- деді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Жас Қыран» командасының капитаны, өңірлердегі әскери-патриоттық клубтар арасындағы жеңімпаз Ажар Ықыласованы марапаттады, сондай-ақ, 1-ші орын алғаны үшін «Сағадат» әскери-патриоттық клубы командасының капитаны Ғабит Ізбасаровқа кубок пен медаль табыстады. Аида Балаева өз сөзінде әскери-патриоттық тәрбие берудің ел үшін маңызы зор екенін, мұндай шаралар жастардың ел тағдыры үшін жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Айбын-2020» жиынының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының, Тыл және қару-жарақ басқармасының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командалары өз аталымдарында үздік атанды. Тыл және қару-жарақ басқармасының «Сағадат» командасы жиынның абсолютті Гран-при жеңімпазы болды. Жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және құнды сыйлықтармен марапатталды. Әр конкурсант қатысқаны туралы сертификат алды. «Жыл сайынғы жиын – бұл біз үшін жаңа тәжірибе, жаңа достар, жаңа әсерлер. Қашықтықтағы форматта өтуіне қарамастан, конкурс өте қызықты, әрі тартымды болды. Бұл жиын біздің жүрегімізде Отанға деген сүйіспеншіліктің отын жақты. Бізді жыл сайын өте жоғары деңгейде өтетін осындай ауқымды шараларға қатысуға мүмкіндіктің болуы қуантады»,- деп Шығыс Қазақстан облысы «Жас қыран» командасының капитаны Ажар Ықыласова өз әсерімен бөлісті.

Саят Қамшыгер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *