«Жүз жаңа есім» жастарға қандай мүмкіндік береді?
XXI ғасыр біз үшін мүмкіндіктер дәуірі ретінде есте қалмақ. Неге дейсіз бе? Себебін соңғы жылдарда жүзеге асқан «Жүз есім» жобасымен жеткізгім келеді. Жалпы алғанда бұл жобаның қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын біріміз білсек, біріміз қалыс қалып жатырмыз. Ендеше, бүгінгі мақала арқылы сіздерге осы жоба туралы түсіндіре кетемін. Қай заманды алып қарасақ та өзінің мінсіз тұлғасымен есте қалатындығын көреміз. Әр дәуірдің өз идеалы бар. Осы уақытқа дейін біз өткеннің адамдарын үлгі көріп жүрдік. Демек, өткеннің әрбір бөлшегін тыныш қана өз заманында қалдырып, болашаққа қадам басатын сәт келді.
Біз де ертеңгі күні өткен ретінде артта қаламыз, сол үшін бүгінгі күні өз идеалымызды қалыптастыруымыз қажет. Ал «Жүз жаңа есім» жобасы осыны айқындай түседі. Сонда оның жастарға келіп-кетер несі бар? Қандай да бір әрекетті бастамас бұрын біздің алдымызда үлгі болу керек. Қарапайым мысал: біз кітап беттеріндегі тапсырманы орындамас бұрын ең алдымен үлгісіне көз жүгіртеміз. Сол сияқты «Жүз есім» де жастарға берілген үлгі. Бұл жоба арқылы олардың жаңа қырлары ашылады. Жастар арасындағы жамандықтар мен кемшіліктер, суицид азаяды, себебі, бәсекелестік артады. Жүз есімге енген адамдардан мотивация алады.
Қазіргі жастар айтылған сөзге емес, әрекеттерге сенеді. Ал ол әрекеттерді алғашқылардың бірі болып мемлекет жасады. Осы жобаны дүниеге әкелді. Бұл арқылы жас буынның алға ұмтылуына, өзін жан-жақты дамытуына себеп табылады. Нақты жобаның өзі болмаса да, оған енген адамдар жастардың дамуына біраз пайда тигізеді. Жобаның адамдары арқылы барлық нәрсенің оңайлықпен келмегендігін түсінеді. Оған дәлел ретінде Жүз есімге алғашқы болып енген Қайрат Молдасеитовтің табысты бизнесмен дәрежесіне жету үшін өз мансабын қара жұмыс істеп бастағанын айта аламын. Жоба арқылы жастар өмірді басқа тұрғыда қабылдайды. Өз ойларында XXI ғасырды қорқынышты етіп елестетуден арылады. Жүз есімге енген әрбір адам өз өмірінің білікті маманы. Солардың кез келгенін өз идеалдарына айналдырудың арқасында бойларында сенімділік пайда болады. Кімге еліктеу керек екендігін ұғады. Жеңіліс пен жеңістің ақ-қарасын сараптап үйренеді. Осының бәрі бір ғана жобаның мүмкіншіліктері.
Дегенмен, бәрі жастардың өз қолында, жобаны қалай қабылдауында. Барлық нәрсе біздің ойымызда жүзеге асады: жақсы нәрсе де, жаман нәрсе де. Сондықтан, жастар «Жүз есім» жобасын өздеріне ашылған мүмкіндік ретінде түсінсе жобаның нәтижелі болғаны. Бұл жерде жоба ғана емес, жас буынымыз да рухани табысқа жетеді. Ал басқа жағдайда екеуі де құрдымға кетеді.
XXl ғасыр – мүмкіндіктермен қоса тәуелсіз ойлау, ақпараттық соғыс басымдық алған дәуір. Әрбір тұлғаның тәуелсіз ойлау қабілеті, өзін өзгелерден ерекшелейтін сипаты болғаны дұрыс. Сондықтан, мен сіздерге «мына адам үлгі боларлықтай тұлға» десем ол міндетті түрде сіз де сол адамды пір тұтатын адам ретінде көруіңіз керек деген сөз емес. Өзіңіздің еркін екендігіңізді сезініп, осы уақытқа дейін әрекет жасауға кедергі болған стереотиптерді ұмытыңыз! Жаңа толқынның тербелісін сезіну үшін бізге өткеннің атағын шығарған тұлғаларды өз заманында қалдырып, жаңа дәуірдің болашаққа не берерін ойлауымыз қажет. Қабылдау қиын болса да, болашақта жылауық ұрпақтың болмағанын қаласақ, жастарға тізгінді беретін уақыт келді.
Әсем ДҮЙСЕНБЕК