«Болашақ» түлектерінің өнертабысы

«Болашақ» бағдарламасының түлектері Әбділда Шәменов пен Нұрбек Еңсебаев өнертапқыш Ғалымжан Ғабдрешовпен бірлесе нашар көретін және зағип жандарды қолдау мақсатында «SEZUAL» стартапын іске қосты. Олар топ мүшелерімен бірлесе бүгінгі таңда әлемде баламасы жоқ бірегей құрылғыны өндіріске енгізумен айналысып жатыр.
««Болашақ» бағдарламасының арқасында технологиялық инновациялар саласындағы ең батыл идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. «SEZUAL» атты жобамыз нашар көретін және зағип жандарға осы әлемді көруге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Нұрбек Еңсебаев. Оның айтуынша, аталған девайсты жаппай қолданысқа енгізу зағип адамдарды жұмысқа қабілетті етіп, олар үшін қоғамның дамуына қандай да бір үлес қосуларына мүмкіндік береді.
«SEZUAL» – бұл зағип адамдарға арналған көмекші құрылғы. Ол көзі нашар көретін және зағип жандарға басқа адамның көмегінсіз жүруге мүмкіндік береді. Құрылғы белгілі бір шерту қимылдарының көмегімен қоршаған ортадағы нысандармен жоғары импульс арқылы байланыс орнатады. Нәтижесінде айналадағы заттардың пішіні, материалы, оларға дейінгі қашықтық және қозғалыс бағыты туралы ақпарат түседі.
Медальон пішінді құрылғыны жасап шығаруға 3 жылға жуық уақыт жұмсалған. «Тифлоаппаратты жасау – өнертапқыш және біздің команданың идеялық шабыттандырушысы Ғалымжан Ғабдрешовтың идеясы. Алғашында девайс өте ауыр болған еді. Кейін құрылғы одан әрі жетілдіріліп, функционалы кеңейтілді. Аппараттың сыртқы дизайны Әзірбайжаннан келген көзі нашар көретін және зағип балалар делегациясының өтініштері бойынша өзгертілді. Балалар аппаратқа «Марвел» комикстер сериясының кейіпкері Тони Старктың жүрек пішінін беруді сұрады»,- деді «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Девайстың апробациясы 2017 жылы басталды. Өз кезегінде 20 адам құрылғыны тексеріп көруге ниет білдірді. Аппаратты алғашқылардың бірі болып 16 жасында көру қабілетінен толық айырылған Алматы қаласының тұрғыны Жазира Мөлкібекова сынап көрді. Құрылғының арқасында ол кеңістікте оңай бағыт алып, жүре алады. Сөйтіп, құрылғыны қолдана бастағаннан кейін 5 күн өткен соң Ж.Мөлкібекова велосипедпен жүре бастады.
«SEZUAL» аппараты 30 жылдан астам уақыт тифлоқұрылғылармен жұмыс істеп келе жатқан француздық «CECIAA» компаниясына таныстырылғанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде зағип жандарға арналған бұл құрылғының жаңашылдық екені расталып, француздық сарапшылар тарапынан оң баға берілді. Өнертапқыштардың айтуынша, егер девайс Қазақстанда өндірілетін болса, аппаратты үйретумен қоса алғандағы алдын ала құны шамамен 3000 доллар болуы мүмкін. Ал аппарат шетелде өндірілетін болса, құны айтарлықтай арта түспек.
Әзірлеушілер аппаратты жетілдіре түсу бойынша жоспарларымен бөлісті. «Мен адамдардың өмір сапасын өзгертетін жобаларға үнемі қызығушылық танытамын. Біздің ұжымның басты мақсаты – нашар көретін және зағип жандарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беру. Қазір командамызда 10 адам бар, аппараттарды өндіріске шығару бойынша мемлекетпен ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайынбыз»,- деп атап өтті Манчестер университетінің «Инновациялар мен кәсіпкерлікті басқару» магистратура бағдарламасының түлегі Әбділда Шәменов.
Әбділда компанияның инвестициялық саясатымен және түрлі юрисдикцияларда өнертабысты патенттеу мәселелерімен айналысады. Қазақстандық девайс 18 айға жарамды алдын ала патентке ие болды.
2017 жылы жұмыс тобы Дүниежүзілік Банктің Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы шеңберінде грант жеңіп алып, Назарбаев Университетінде акселерация бағдарламасынан өтті және «Astana Hub» резиденциясының арқасында салық преференцияларын иеленді.

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ЖАЗУ