«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»
Тілім менің- таусылмайтын байлығым! М. Жұмабаев айтқандай: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады». Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай сақтап, орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы керек. Менің ойымша, тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі тіл бір халықтың жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан әр халық өз тілінде мақтанып қана қоймай, оны дамытып, жұмыс жасауы қажет.
«Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте». Менің ана тілім — дүнген тілі, ал екінші ана тілім ол — қазақ тілі. Себебі осы тілді мен сүйсіне меңгердім. Ата-анамның айтуынша, қазақ тілін үйрену құлшынысы кішкентайымнан бастап пайда болған. Бұл құлшынысымды ата-анам қолдап, бірінші сыныптан қазақ тілін меңгере бастадым, қазіргі таңда қазақ тілінде еркін сөйлей аламын. Қазақ жерінде, қазақ елінде туып, қазақ тілін білу мен үшін үлкен мақтаныш және зор құрмет. Осыған байланысты қолдау көрсеткен отбасыма, мектеп мұғалімдеріне алғысым шексіз.
Қазақ тілі шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Тіл арқылы ақындарымыз бен жазушыларымыздың, даналардың сөздерін, өлең-жырларын оқып білеміз, олардан ғибрат аламыз. «Өнер алды – қызыл тіл» деген осыдан шыққан болар.
Қазіргі таңда әлемде 2500-ден астам тіл бар. Олардың нақты санын дәл айту мүмкін емес. Жыл сайын, әр ай сайын, тіпті, күн сайын бір тіл жойылып отырады. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,- деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан, үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, қазақ елінде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр. Елбасымыздың 22-қыркүйекті «Қазақстан халықтарының тілдері күні» деп жариялауы да сол мақсаттан туған.
Амина Курбанова, Жамбыл облысы, ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі, №34 орта мектептің 10 сынып оқушысы, дүнген ұлтының өкілі