Күз – ғажайыпқа толы мезгіл
Міне, күз келді. Күн қысқарып, түн ұзара бастады. Күз – бұл өте тамаша мезгіл. Күз мезгілі адамның көңіл-күйі секілді құбылмалы. Бірде жаңбыр жауса, енді бірде күн шайдай ашылады. Күзде оқу жылы басталады. Ұстаздармен, сыныптастармен сағына табысу да осы бір тамаша уақыттың еншісінде.
Күз мезгілінде жапырақтар сарғайып, айнала алтын түске боялады. Жерге алтын кілем төселгендей болады. Арасында шыршалар ғана түсін өзгертпеген. Барлығы әсерлі, өте керемет. Құстар жылы жаққа ұшып барады, ал балалар ауланы тазалап жүр. Кейбіреулері жеміс-жидек жинаса, біреулері жерге түскен жапырақтарды сыпырып жатыр. Осы кезде менің сүйікті қалам Теміртау да ерекше әдемі болып кетеді. Жануарлар да қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа дайындалады. Адамдар қызу еңбекке жұмылған. Диқандар егіс даласында дән жиса, ауыл адамдары отын, көмірлерін түсіріп, қыстан қысылмай шығудың қамын жасап жатыр.
Мектепте «күзгі бал» атты байқау болады. Біз өзіміздің өнерімізді көрсетіп, түрлі дәнді-дақылдар мен жеміс-жидектерден керемет туынды жасаймыз. Басқа сыныптың оқушылары да неше түрлі жемістерден керемет нәрселер жасайды. Жыл сайын біз үшін бұл байқау өте керемет өтеді. Биыл барлығымыз қашықтықтан оқып жатқандықтан мереке де онлайн өтті.
Осы бір табиғаттың тылсым дүниесіне таң қаласың. Табиғат адамға осылай да әсер етеді екен-ау. Табиғат жаратылысы өзіне тән жыл он екі ай төрт мезгілмен ұштасады. Әр мезгіл өз сұлулығымен таңдай қақтырарлық әсем. Себебі күз молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі болып саналады. Жемістер, көкөністер пісіп, балалар сабаққа барып абыр-сабыр болып жатады. Таңертеңгі көріністі айтсаңшы, шөптің бетінде моншақтай шық мөлдіреп тұрады. Айналама зер сала қарасам, таиғаттың өзі алтын түстес. «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып дымқыл тұман жерді басқан»,- деп Абай атамыз жырлағандай, табиғат кейде көңілсіз күй «кешеді». Бірақ, алтын күз қамбаға үйілген астығын, байлығы мен берекесін әкеледі. Мен үшін бұл мезгіл ғажайыптарға толы. Сондықтан да, жыл сайын бұл мезгілді асыға күтемін.
Милана Ким, Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, № 11 мектептің 8-сынып оқушысы