Біз жастарға сенеміз
Бала кезден осы сөзді көп еститін едім. Әсіресе, мектеп қабырғасында. Ол кезде неге ол кісілер жоғары жерде отырып, қолдарында биліктері бола тұрып, бізге, жастарға сенеді? Неге бізге қаламасақ та жүк артады деп түсінбейтін едім.
Міне, енді кеш болса да осыны түсініп отырмын! «Жастар» деген сөздің мағынасын алып қарасақ болғаны, жауабы ашық көзге көрініп тұр. Жастар – бұл заманда малға шапқан аш қасқырдай, олардың көздерінде өшпес от болады, жүректерінде өздеріне деген сенім болады, олардың мақсаттары өздері үшін анық болады. Қанша сүрініп шалынса да, қайта тұруға деген жігер мен рух оларда ешқашан таусылмайды!
Біздің мүмкіндігіміз шексіз! Ешкім қой деп көкіректен баса алмайды, қалағанымыз қолымыздың алдында, тек берілген мүмкіндікті дұрыстап пайдалана алуымыз керек. Біздің қолымызда бәрі бар. Біз ештеңеден қорықпаймыз! Жаңа нәрсеге деген қорқыныш жоқ, керісінше, бізде жаңа нәрсені көруге деген қызығушылық бар. Өзгеріс, даму, міне, осы сөздер бізде ұран болу керек!
Мүмкіндігіміз шексіз! Тек шын жүрекпен соны қаласақ болғаны, қалғаны өзі болады. Біздің көзіміз ашық, жаман мен жақсыны тіке көре аламыз.
Үлкендер неге осы тіркесті көп айтады? Себебі өмір расымен-ақ өзіне тиесіліні алады, ол кісілердің көздерінде бұрынғыдай от жанары білінбейді, сол үшін де бізге үміт артады. Тек қана үміт емес, өздері өмірін арнап, арқалап келген асыл жүкті бізге табыстайды, ал бұл бізге берілген аса маңызды құрмет! Ол жүк – біздің Қазақстан! Енді сол жүкті қастерлеп, баптап, жаманын жоғалтып, барынша дамытып біз келесі ұрпаққа асыл қазына ретінде табыстап жеткізуіміз керек! Осы біздің ең басты мақсатымызға айналуы қажет! Жүректегі отты сөндірмеуіміз қажет!
Мен елімнің дамуы, жаңа белестерді бағындыруы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын! «Жалғыздың үні шықпас» дейді қазақ. Сен де маған қосыл, бір жұдырық болып жұмылып, еліміздің еңсесін түсіріп отырған талай тауды әлі-ақ қопарамыз!
Абылайхан Тастанбеков, СДУ студенті