Бауыржан Момышұлы: Адамның ырыздығын Жерден берген

Жеті сөзімен байланысты көптеген халықтардың тілінде қалыптасқан ұғымның бірі – «Жеті қазына» екен. Бұл тіркестің әр елдің тұрмыс-тіршілік салтына, таным-нанымына қарай әртүрлі айтылуы – табиғи нәрсе. Ертедегі грек аңыз-әңгімелерінде жиі кездесетін «жеті қазына» өзге халықтарға, оның ішінде қазаққа да тән деуге болады. Өйткені мұнда айтылатындардың барлығы адамзатқа ортақ. Сондықтан көкейге қонымды, қисыны анық ұғымдар. Оны былайша таратады.

 

Бірінші – Аспан. Аспан дүние жаратылыстың тылсым құпия сырларын аясына сыйғызып тұр. Өмірге пана болып, аспан денелерінің қалпын сақтап тұрған көк күмбез – планеталар мен жұлдыздардың құтты мекені. Көшпенділер жерді «әлемнің анасы» десе, аспанды жарық, нұр, жылу беріп, жаңбыр жаудырып есіркеуші атасы санаған. Сондықтан олар Көк тәңірге, Жер-анаға табынған. Көктемде күн күркіреп, алғашқы жауын жауғанда: «Көктен жаудыр! Жерден өндір!» – деп тілек тілеген. Баскиімін шешіп, «дерт-дербезден басымызды аман сақта» деп жаңбырға басын тосқан, «Көкте Тәңір бар, жерде әулие бар» деп жас балалардың аяғын көкке көтеруіне қатаң тыйым салған. Көкке қарап, қол жайып, тілек тілейді. Бұл – халық емшілерінің де қолданатын әдісі. Олар аспаннан, яғни ғарыштан күш-қуат аларда қолын көкке қаратып, алақанын жайып, үнсіз тұңғиыққа батып, бойына энергия жинайды. Ал көкке қарап қарғану жантүршігерлік жаман іс саналған.
Көшпенділер, оның ішінде қазақтар көктегі Күн, Ай, жұлдыздарды киелі санаған. Аспан әлеміндегі жұлдыздар адам өмірімен тығыз байланысты. Әрбір адамның тағдырымен ұштасып жататын өзінің жұлдызы болады дейді. Жұлдызы жоғарыласа, ол адамның бағы ашылады, төмендесе, бағы таяды. Жұлдызы оңынан туса, ісі сәтті болады, солынан туса, қырсық шалады. Ол жұлдыз жерге ағып түссе, сол жұлдыздың иесі өледі. Тіліміздегі «жұлдызы батты», «жұлдызы сөнді» дейтін ұғымдар осыған байланысты шыққан. Ісі сәтті болып, басына бақ қонған адамдарды «жұлдызы оңынан туды», «жұлдызы жанды» дейді. Аспаннан аққан жұлдызды көрген адам: «Менің жұлдызым жоғары, сақтай гөр, тәңірім», – деп сыйынады. Ата-бабаларымыздың ұғымында адамдардың жұлдыздары әр алуан, бірінікі біріне ұқсамайды. Кейбір жұлдыздар – топырақ, кейбірі – су, енді бірі – от, тағы бірі – ауа, жел сипаттас болып келеді. Бұл адамның мінезін, арадағы қарым-қатынасын белгілейді. Мысалы, жұлдызы су текті адам жұлдызы от текті адаммен жараса алмайды. Бір-бірімен тіл табыса алмайтындарды «жұлдызы жараспады» деп, өмірі өш болып жүретіндерді «бұлардың жұлдызы қарсы» дейтіні осы жұлдыздарға байланысты түсініктерден шыққан.
Екінші қазына – Күн. Күн – әлемдегі тіршілік тірегі. Күллі адамзат, өсімдіктер әлемі, құрт-құмырсқа, жан-жануар күннің шуағынан нәр, күш-қуат алады. Күн – жылу, жарық көзі. Күнсіз тіршілік жоқ. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақтар ұл-қыздарының атын күнмен байланыстырып, сәбилеріне Күнту, Күнтуар, Күнімжан, Күнсұлу, Күнтай деген секілді аттарды қояды. Мұның барлығы «күндей мейірімді», «күндей көпке ортақ, мейірбан», «күндей арайлы болсын» деген ниеттен шыққан.
Үшінші қазына – Ай. Ай – әлемнің түнгі нұры. «Ай болмаса аспанда адасады» дегендей, Ай болмаса, дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады. Табиғат түн әлемінде Ай сәулесімен ерекше бір тебіреніске түсіп, тынығады екен. Ай – Жердің табиғи серігі. Ай Жер шарындағы ауа райына, Жер қозғалысына, оның өз осінде айналып тұруына зор ықпал жасайды, яғни Ай – Жердің тірегі.
Адам ағзасы жалпы Жер мен кеңістіктегі құбылыстардан әсерленеді. Ай толғанда жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім азайып, адамның ойы, еңбекке қабілеті артады екен. Керісінше өліарада жауын-шашын болып, ауа райы өзгереді, бас ауруы, ұйқысыздық, қан қысымы көтерілуі жиілеп, созылмалы аурулар қозады екен. Ал «айкезбе» дерті барлар Ай сәулесі болмағандықтан тынышталып қалады. Айдың өсімдіктер әлеміне, оның тіршілігіне тікелей әсері болатынын ғалымдар дәлелдеп қойған. Айталық, Ай толғанда өсімдіктер суды бойына көп сіңіреді, осы кезде отырғызған кешеттер тез өсіп-жетіледі. Орман шаруашылығымен ертеден айналысатындар ағашты айдың жаңа туған бас жағында кеседі екен, ол кезде ағаштың бойында су аз болғандықтан, шірімей, көпке шыдайды. Біздің қазақтың үй жасайтын шеберлері киіз үйдің ағашын Айға қарап дайындауды баяғыдан білген.
Қазақ халқы Айды қолмен көрсетпейді. «Айға қарап түкірме», «Айға қарап дәрет сындырма», « Айға телміріп қарама» деп тыйым айтуы тегін емес.
Төртінші қазына – Жер. Жер – барлық тіршілік иесінің анасы. Жер болмаса, еш нәрсе өсіп-өнбес еді. Құдай тағала керемет сұлулықпен көмкерілген, байлық пен ырысқа толы мекен – Жерді адамзат үшін жаратқан. Таулармен асқақтатып, далалармен кеңейткен. Мұхит-теңіздермен тереңдеткен. Адамның ырыздығын Жерден берген. «Адам топырақтан жаратылған, өлгеннен кейін оның жатар орны – Жер, адам туғанда қай жердің топырағы бұрқ етсе, сол жерге жерленеді» деп болжам айтқан. Қарап тұрсақ, мұның да негізі бар. Адамның топыраққа жерленіп, топырақпен көміліп, топыраққа сіңетіні – шындық. Қазақта мақсатсыз, себепсіз жер қазу, әсіресе балалардың жер қазып, топырақ шашып ойнауы – жаман ырым, оны өлім тілегенмен бірдей көріп, қатаң тыйым салынады.
Найзағай түскен адамды жер қазып жатқызып, топырақта ұстап емдеген. Жер адам бойындағы артық энергияны өзіне қабылдап, адам денесін тазартады. Қазіргі кезде электр тоғы соққан адамды алдымен топыраққа көметіні сол халықтық емнен алынған.
«Біздің қазақтардың кіндігі туған жеріне жабысып қалған» деу – ақиқат шындық. Көшпенділер ұлтарақтай жері үшін жанын да, қанын да, қайрат-жігерін де аямаған. Қазақ – жер сатпаған халық. Оны анасын сатумен бірдей көрген. Жерін жатқа тарту етпеген. Патшаның қол астына бағынған соң кетті ғой қазақтың небір құйқалы атақоныстары. Бұл үрдіс оқтын-оқтын әлі тоқтаған жоқ. Адамзат үшін, жан-жануар, өсімдік үшін жалғыз ғана ырыздық бар, ол – Жер. Қазақта жермен, топырақпен байланысты небір мағыналы, көркем мақал-мәтелдер бар. «Асыл – жерден, ақылды – елден», «Жері байдың елі – бай», «Жер – ырыстың кіндігі, еңбек – ырыстың қазығы», «Көзін тауып еңбек етсең, жеті қабат жер семірер», « Асыл – жерден, ақылды – елден», « Жер тоймай, ел тоймайды», «Жерге жақсылық қылғаның, тасыды дей бер қырманың», «Әкім елге ие, ел жерге ие», «Алтының да, малың да топырақтан садақа»… Мысалы үшін айтып отырмын, әйтпесе мұндай өнегелі сөздер тілімізде жетіп жатыр.

Үзінді Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан алынды.
Жалғасы келесі санда.

ПІКІР ЖАЗУ