Абай сөзі – анық сөз!

 

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз…

Абай

Оқи қалсаң салып көз,

Мағынасын танып, сез.

Ұрпақтарға өнеге,

Абай сөзі – анық сөз!

 

Тура жолды таңдайық,

Білмей қапы қалмайық.

Абай атаң ескерткен

Бес дұшпанды талдайық :

 

  1. Өсек

Сырттай құрып сотыңды,

Бірге жүрген досыңды

Жамандасаң басқаға,

Кім ұнатар осыңды?

 

Беріп әділ бағаңды,

Бетіне айтсаң – жарамды.

Ғайбат айтып біреуге,

Жаппа босқа жалаңды!

 

  1. Өтірік

Болмағанды болды деп,

Оңбағанды оңды деп,

Жалған сөзді біреуге

Қашан айттың соңғы рет?

 

Шындықты айтсаң киелі,

Елің басын иеді.

Өтірігің өзіңе

Таяқ болып тиеді!

 

  1. Мақтаншақ

«Мен дегенің менмін» деп,

«Көкте Күнмен теңмін» деп.

Жүрген кезің бар ма еді,

Түк бітірмей желпілдеп?

 

Құр көпіріп, ісінген

Өз беделін түсірген.

Мықты болсаң күшіңді

Дәлелдей біл ісіңмен!

 

  1. Еріншек

Уақыт бар, саспаймын,

Дүйсенбіде бастаймын.

Деумен бәрін кейінге

Қалдыру ма бас қайғың?

 

Ертең болар кеш, бала,

Өзіңді алдау тек қана.

Жалқаулықты өмірде

Басты жауым деп сана!

 

5.Мал шашпақ

Қолпаштаған жұрт үшін,

Мақтан үшін, күлкі үшін,

Ата-анаңның бергенін

Желге шашып жүрмісің?

 

Көзді сатпай, күш сатып,

Берекелі істі ашып,

Тауып адал еңбекпен,

Жұмсай да біл ұқсатып!

 

***

 

Оқи қалсаң салып көз,

Мағынасын танып, сез.

Ұрпақтарға өнеге,

Абай сөзі – анық сөз!

 

Оны ұғатын байыпты ер

Осы маған лайық дер.

Абай атаң үлгі еткен

Бес асыл іс – қай істер?

 

  1. Талап

Үлкен ғалым, жақсы ақын,

Батыр, балуан, басқа кім

Болсам деген алдыңда

Бар ма қойған мақсатың?

 

Өмір алда, жаның жас,

Талаптан да, бағыңды аш.

Өнер, білім, байлық та

Талпынбасаң табылмас!

 

  1. Еңбек

Ерте тұрып еңбекпен,

Іс тындырсаң терлеп сен.

Татқан дәмің сол кезде

Тәтті екенін сезбеп пе ең?

 

 

Үлкендерге қолғабыс:

Бақшаны күт, мал бағыс.

Балға, күрек ұстауды

Білмей қалсаң – сол намыс!

 

  1. Терең ой

Білім қуар шамаң мол,

Надан болма, адам бол.

Білесің бе ой-санаң

Ашатынын саған жол?

 

Телефонды таста да,

Кітап оқы, жас бала,

Ақылын ал үлкеннің,

Ойланбай сөз бастама!

 

  1. Қанағат

«Балмұздақты сал мұнда,

Тұрсын тез деп алдымда»,

Қарының тоқ болса да,

Қиғылықты салдың ба?

 

Жөнсіз дүние жинама,

Қарапайым сый қала.

Айфон әпер, Айды әпер,

Деп ешкімді қинама!

 

5.Рақым

Қайырымды, адал жан

Бақыт жолын таба алған.

Білесің бе, бұл әлем

Ізгіліктен жаралған?

 

Жәндіктерді өлтірме,

Жұртқа зиян келтірме.

Бір жақсылық жасауға

Уақытыңды бөл күнде!

 

***

 

Бес асылды ұлықта,

Бес дұшпанды ұмытпа.

Мән-маңызын, жас өркен,

Өзің ойлап, сұрыпта.

 

Шықса алдыңнан сан сұрақ,

Абайды еске ал, шырақ.

Асыл сөзі Абайдың –

Адастырмас шамшырақ!

 

Қайырбек Шағыр, ақын,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі

 

 

ПІКІР ЖАЗУ