Қазақстан волонтерлар лигасы – игі істер жаршысы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Еріктілер жылы деп жариялау біздің елімізде волонтерлар қозғалысының дамуына жаңа серпін беріп, жаңа жүйелік тәсілдерді анықтап, жеке адамдар мен ұйымдардың күш-жігерін біріктіретіні сөзсіз.
Бүгінгі таңда әлем халқының 970 миллионы – еріктілер. Солардың қатарына елімізде де өз еркімен, яғни саналы түрде айналасындағыларға үздіксіз көмектесіп жүретін жандар, бір сөзбен айтқанда еріктілер күн санап қосылуда. Жүрегі мейірімге толы, адал ниетті азаматтардың арқасында Қазақстанда бірнеше волонтерлық ұйым құрылды. Солардың бірі – «Қазақстан волонтерлар лигасы» атты қоғамдық қор. Аталмыш ұйым туралы нақты мәлімет білу үшін қор үйлестірушісі Халбуви Гожамбердиевамен әңгіме өрбіттік.
– Кезінде француз жазушысы Дени Дидро: «Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан», – деп атап өткен. Шынымен де волонтерлікпен шұғылданатын жастар өзгенің қуанышына ортақтасып, аз да болса бір бақыт дәмін себеді. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген «Қазақстан волонтерлар лигасы» жұмысын қашан бастады?
– Бұл ұйым 2014 жылдың 4 маусымында кұрылды. Биыл бірлестіктің жемісті жұмыс жасап жатқанына алтыншы жыл. Қордың негізгі мүшелері: еріктілер. Олар қымбат уақыттарын бөліп, мұқтаж жандарға көмектесіп келеді. Ең бастысы, бұл олардың адамгершілік қасиетінің жоғарылығын көрсетеді. Ұйым құрамында бүкіл Қазақстан бойынша 5000-нан аса ерікті бар.
– Аталмыш бірлестіктің негізгі мақсаты қандай?
– Бірлестіктің мақсаты – қолға алған жобаларымызды әрі қарай дамыту және еріктілердің санын көбейту.
– Еріктілердің жас айырмашылығында шектеу бар ма?
– Еріктілер қатарында жастар да, үлкен кісілер де болуы мүмкін. Волонтерлардың жас айырмашылығында ешқандай шектеу жоқ. 14 жастан асқан кез-келген адам ерікті бола алады. Біздің қатарымызда тек жасөспірімдер ғана емес, одан бөлек ересек адамдар да бар. Бастысы жүрегімізде өзгеге көмектесуге деген адал әрі шынайы ниет болу қажет.
– «Қазақстан волонтерлар лигасына» ерікті болу үшін не істеу керек?
– Ресми ерікті болу үшін кез-келген азамат «Игі іс» деп аталатын бейнеролик түсіріп, сол бейнебақылауды өз инстаграм парақшасына #чуточкудобрее хэштегімен салуы керек және «Қазақстан волонтерлар лигасының» ресми инстаграм парақшасын белгілеуі қажет.
– Ұйым сала бойынша бөліне ме әлде бәрінің қызметі бір салаға жұмыла ма?
– Бірлестіктің бүгінде 2860 волонтерлық базасы бар. Базаларда әлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өз-өзін дамыту салалары бойынша еріктілер тынбай жұмыс жасап келеді. Ұйым осындай түрлі салаларды қамтиды. Біздің бірлестікте «Ашық Жүрек» атты республикалық жоба бар. Бұл жоба Tabysym, Ólkem, Shabytym, Otbasym, Qazynam, Qulynym, Kúsh-qýatym және Jіgеrіm атты 8 салаға бөлініп, нақты бекітілген іс-шаралармен жұмыс істейді.
– Өзіңіз атап өткен сегіз салаға толығырақ сипаттама берсеңіз.
– Өте орынды сұрақ. Тиісінше әр саланың бекітілген бағыты бар. Мәселен:
● «Tabysym» атты саланың еріктілері кез-келген адамға тегін тіл курстарын өткізеді.
● «Qazynam» атты бағытта еріктілер қарттар үйіне барып оларға шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырады.
● «Kúsh-qýatym» адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға баулиды.
● «Ólkem» қоршаған ортамыздың тазалығына көңіл бөледі.
● «Jіgеrіm» мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасайды.
● «Qulynym» жан-жануарларға көмек көрсетеді.
● «Shabytym» әрбір жеке тұлғаның ішкі қабілеттерін сыртқа шығаруға көмек көрсетеді.
● «Otbasym» көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын созады.
Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде 200 волонтерлық ұйым жұмыс істейді. Солардың бірі әрі бірегейі «Қазақстан волонтерлар лигасының» жасап жатқан игі істері қаншама. Мысалы, күні кеше Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы құлап, әуе апаты еліміздің қабырғасын қайыстырып өткені белгілі. Ал бұл ұйымның еріктілері жай қарап жатпай, апаттан зардап шеккен балаларға көмек қолын созды. Емханаларда жатқан науқас адамдарға азық-түлік апарып, қолдарынан келген көмекті аямады. Төртінші қаңтарда еріктілер Орал қаласындағы балаларды жаңа жылмен құттықтап, сыйлықтар сыйлап қайтты. Қаңтардың алтысы мен он жетінші жұлдызында ұйым мүшелері жастар арасында «Шахмат турнирін» ұйымдастырды.
Жалпы бұл қордың атқарып жатқан жұмысын жіпке тізгендей тізе беруге болады. Қайсыбірін алсақ та игі істің жаршысы атанған еріктілер ұйымының арқасы. Қоғамды жақсылық жасауға үгіттеп, мейірімді болуға ниеттеп жүрген «Қазақстан волонтерлар лигасының» жұмыстары жемісті болғай! «Мөлдір бұлақ» оқырмандары арасынан ерікті болуға ниетті жандар болса, бұл қордың есігі сіздер үшін әрқашан ашық.
Ақнар Мәуленқызы