Талғат ЖОРАБАЕВ:“Алғашқы жүлдем кілем еді”

10bet_f21— Өмірдегі ең тамаша дәуреннің бірі балалық шақ емес пе? Сол бала кездегі қызықты сәттеріңізді еске түсіріп, айта кетсеңіз. — Мен үйдің кенжесімін. Алдымда төрт әпкем және ағам бар. Кенже баланың қандай ерке болатынын білетін шығарсыздар. 1-сыныпта оқып жүргенде үйдегілерге келіп мақтанатынмын: «Мен сыныпта бірінші атаманмын!» деп. Ағам сен қалай бірінші атамансың?» деп сұраса, мен дереу: «Апай айтты, кім костюм-шалбар киіп келсе, сол бірінші атаман болады», — деппін. Ағам әскерге кеткенде, қатты қиналып қалдым. Үйдегі бүкіл жұмыс менің мойныма жүктелді. Әкем, анам жұмыста, әпкелерім үйдің жұмыстарын тындырады, ал сырттың жұмыстарын мен атқаратынмын. Бізде сиыр, жылқы, қой көп еді. Бір күні, мал өрістен келетін уақыт, ал мен болсам көрші баланың үйінде ойынның қызығына беріліп кеткем. Бір уақытта әкемнің «Талғат!» деп айқайлаған дауысы шықты. Аяғым жерге тимей үйге қарай ұштым. Әкем өте ашулы. Сөйтсем, қой, сиыр бұзауларым бақшаны жайпап тастаған екен. 10bet_f12Бақша үлкен, әдемі болатын. Бәрін алашапқын етіп қораға қамадым. Ал әкем болса ашуы басылмаған күйі мені қуып жүр. Бір жақсы жері, өте желаяқ болатынмын. Сол күні әкемнің ашуынан үйге кіруге қорқақтап, қоймаға қонғаным бар. — Бала кезде кім болам деп армандап едіңіз? — Бала кезімде ұшқыш болсам деп армандадым. Үлкен ұшаққа отырсам деп қиялдайтынмын. Үйдегі үлкендер маған ұрысса, кейін ұшқыш болғанда ұшақпен үйлеріңнің үстіне бомба тастап кетем деп балалықпен қорқытады екенмін (күледі). Сонда әке-шешем менің айтқан сөздеріме мәз болатын. — Әншілік өнерге қалай бет бұрдыңыз? — Мен негізі 2-сыныптан бастап ән айта бастадым. Алғашқы орындағаным — Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» әні. Ол кезде «продюсерім» анам болатын. Содан анамның да, менің де еңбегіміз еш кеткен жоқ. Қатысқан байқаулардан жүлделі орын алып жаттым. Аудандық, облыстық ән байқауларынан қалмайтынмын. Ең алғашқы алған жүлдем де есімде. 5-сыныпта оқып жүргенде «Ақбота» атты аудандық байқауда үлкен кілем ұтып алғанмын. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз! Өмірімдегі естен кетпес сәттер ғой. Мектепті тәмамдап, Алматыда Өнер академиясында оқып жүргенде де байқауларға қатысып жүрдім. Көптеген халықаралық байқауларға бардым. Мәселен, 2006 жылы Болгарияда өткен байқауда 18 әншінің арасында үшінші орын, содан Румынияда өтетін ән байқауына жолдама алып, 64 үміткердің ішінен Гран-при ұтып алдым. Сол жылы Молдова қаласындағы «Әлем әндері» байқауында 2-орынды иелендім. 2007 жылы Белорусия мемлекетінде өткен «Славян базарына» қатысып, дипломат болдым. — «Жігітке жеті өнер де аз» дейді емес пе, ән айтудан басқа тағы қандай өнеріңіз бар? — Мектепте оқып жүргенде физика мен астрономия пәнін сүйіп оқитынмын. Екеуі де мен үшін өте қызықты пән болатын. Үйдегі магнитофон, теледидар бұзылып қалып жатса, өз бетіммен шұқылап, жөндеп алатынмын. Техника тілін жақсы білетінім, физика пәніне қызығушылығымнан шығар. — Сіздің «Қанталапай» фильмінде басты рөлді сомдағаныңызды білеміз. Тағы да киноға түсу ойыңызда бар ма? — Кино әлемінде де бағымды сынап көрдім. «Қанталапайдан» жинаған тәжірибем мол. Осы фильмнен кейін де ұсыныстар болды, бірақ уақыт тапшылығынан оларды қабылдай алмадым. Болашақта жақсы-жақсы киноларға түсу ұсыныстары түсіп жатса, неге қабылдамасқа. — Әңгімеңізге рахмет! Сұқбаттасқан Айгүл ҚАНАТОВА.

ПІКІР ЖАЗУ