Төлеген Айбергенов: Өсіп келе жатырмын

Өсіп келе жатырмын

Кеудесінде таулардың,

Кемесінде арманның,

Жалау етіп өрлікті,

Ескек етіп ерлікті,

Есіп келе жатырмын!

 

Адал терін әрдайым,

Моншақтатып маңдайым…

Соқсын дауыл, соқпасын,

Қиындықтың көк тасын,

Кесіп келе жатырмын.

 

Кейде күнмен теңесем,

Таласып күнмен мен өсем.

Гүл теремін жерімнен,

Бірге туған еліммен

Өсіп келе жатырмын!

****************************************

 

Достық деген таусылмайтын қазына,

Көктемеде солып қалар гүл емес.

Қарамайды ол сыйдың көп пен азына,

Нағыз достар тіпті сый да тілемес.

 

Сырлас болсаң есігімді кір қақпай,

Шын дос болсаң шақырмай кел, тілегім.

Шын шақырсам саған ұқсап тіл қатпай,

Жауымның да келетінін білемін.

*****************************

 

Жандардың отты жарқылындасың,

Көгімде менің маздар күн.

Шағалалардың шаңқылындасың,

Қаңқылындасың қаздардың.

 

Құрышы қанбас құлақтардасың,

Құрақтардасың ән шерткен.

Дауыстап жатқан бұлақтардасың,

Алқынып келем аңсап мен.

 

Саусағындасың күйші біткеннің,

Аңсауындасың құрбымның.

Шалғайындасың биші көктемнің,

Таңдайындасың бұлбұлдың.

 

Қызғалдақ қамал қырларымдасың,

Сырларындасың атаның.

Жанымның барлық ырғағындасың,

Аяулы менің Отаным!

*******************************

ПІКІР ЖАЗУ