Туысқан ел әдебиеті
Құрметті жас оқырмандар! Назарларыңа қазіргі қырғыз ақындарының қазақ тіліне аударылған өлеңдерін ұсынып отырмыз. Жігер мен рухқа толы бұл жырлардың жас ұрпаққа берері мол.
Атантай АКБАРОВ,
Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жалалиддин Руми атындағы сыйлықтың лауреаты.
Тіршілікте біздер тірі Отанбыз
Туған жерден түйіп алып топырақ,
Ата-бабам жау қууға келіскен.
Қан майданда қаза тапса дәл осы
топырақты бейітіне себіскен.
Отан деген – әкең, анаң, бабалар,
Сол үшін де Ата Мекен аталған.
Отаныңмен тағдырың бір, жас ұрпақ,
мен елімсіз бір дән дағы тата алман.
Бұл өмірдің шығар кезде өріне,
Сезіміңе ұлтжандылық – от алғыз.
Тізе бүкпей ата салтын ұстанған,
Тіршілікте біздер тірі Отанбыз.
Көтер басты, тосқауылды шарт үзіп,
Отаныңмен даңқтысың сен, бекемсің.
Жақсы жыр мен жақсы істерде өлім жоқ,
Өміріңде жарқ етпесең бекерсің.
Еңбек қана жеткізеді байлыққа,
Жаның – елмен, тәнің – жермен шарықтар.
Дер кезінде іс істей біл, қандасым,
Уақытында уақыттан күш алып қал.
Төмендесең жексен болар Отаның,
Бір-бір уыс топырақ боп жатармыз.
Тізе бүкпей ата салтын ұстанған,
Тіршілікте біздер тірі Отанбыз!
Аударған – Саят Қамшыгер
Фатима АБДАЛОВА,
Алықұл Осмонов, Жолон Мамытов атындағы сыйлықтардың лауреаты.
МЕН ӘЛЕМДІ АПАММЕНЕН ТАНЫҒАМ
Мен әлемді апамменен танысам,
Көйлегімен көз алдымда асыл жан.
Тірі болшы, көйлегіңнің гүлдері,
Бадырайып оттай болып басылған.
Мен әлемді апамменен таныдым,
Мен апамды иісінен білемін.
Сенің жұпар қош иісің қош қылған,
Алыстама, жанымнан сен, тілегім!
Мен дүниені апамменен түсінсем,
Мен апамды қолдарынан сеземін.
Жылулық пен жұмсақтықтың күшінен,
Ұстағанда шалқып ғарыш кеземін.
Мен дүниені апамменен айырсам,
Мен апамды күлкісінен аңғарам.
Шыққан күндей нұр шашады қайыр-таң,
Күндік жолдан үні жетер самғаған.
Мен тірлікті апамменен танысам,
Мен апамды жаулығынан танимын.
Ақ шашыңды жауып жаулық гүлдері,
Тірі жүрші, жанашырым, жаны-игім!
Мен әлемді апамменен танысам…
Аударған – Дәулетбек Байтұрсынұлы
Назгүл ОСМОНОВА,
Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі
ҚЫЗЫМ АИДАҒА
Бәйшешектің гүліндейін күлші анық,
жаңа туған айдай болып тұр шабыт.
Баяу ескен самалға да дірілдер,
сен, Аида, нәзік пе едің мұншалық?
Өміріңнің тілеп ылғи ұзағын,
түн ұйқымды кей кездерде бұзамын.
Жасырынып, алдыңды аңдып күтетін,
қайтып үзем қатал тағдыр тұзағын?
Көз нұрындай болған нәзік нәрестем,
күнәларды жуып тұршы, періштем.
Мен бақытты болу үшін, жан сәулем,
өмірімді өзіңменен бөліскем…
Аударған – Саят Қамшыгер
Динара БЕЙШЕНАЛИЕВА, Ұлттық Жазушылар одағының мүшесі, Қырғызстан Республикасы мәдениетінің үздік қызметкері.
Түркістан
Мен сенің тауларыңа, суларыңа,
Ғашықпын әндерің мен жырларыңа.
Айналам асқар, асу, беліңнен де,
Айналам халқыңнан да, жеріңнен де.
Қарашы, қалайша мен қиналамын,
Тыңдасаң жүрегімнің күй табағын.
Біріксек, бір атаның балалары,
Бір туған бауырларым, Түркістаным!
Жер асты, кен біткенің қазылғанда,
Ұл-қызың түс кезінде шашылғанда.
Біріксең қайтет енді, Оғыз ұлдар,
Жол біткен бар өлкеге ашылғанда…
Қырғызым, башқұрт, ұйғыр, сен қазағым,
Әзірбайжан, түрікменім, сен татарым,
Өзбегім, түрігіммен бірлескенде,
Мәңгілік аспан тірер Түркістаным.
Біріксек бір атаның балалары,
Бір туған бауырларым, Түркістаным.
Аударған – Саят Қамшыгер
Бердібек ЖАМҒЫРЧИЕВ,
Алықұл Осмонов сыйлығының лауреаты
СЕН АДАМСЫҢ
Сен адамсың, жарты емессің, бір бүтін,
Сезіп, тапқын, бар бақыттың үлгісін.
Тұманнан да жол табамыз, жарық бар,
Тура салып тіршіліктің дүрбісін.
Дүниеге қазық болып қалмайсың,
Қалар бәлкім сөзің болса самғайтын.
Сен адамсың, ақыл-есті жансың да,
Қызыл-жасыл дүние бұл алдайтын.
Қайғы келсе, қамықтырар, таусылма,
Адам деген атыңызға қамшы ұрма.
Бар салмақты жинап алма кеудеңе,
Үмітіңді үй артына қалдырма!
Сен адамсың, әлсізденіп теңселме,
Сезім өліп, пәстенбесін еңсең де!
Таңғалдырып өте шыққын құламай,
Үлкен үміт артып тұрып ертеңге!
Батыл бассаң жылжып кетер іс алға,
Адам дәні кеудеңізде, тұсалма!
Кемелдікті қожыратпа бойыңнан,
Сен адамсың көк жебедей ұш алға!
Келешегің оралмасын аяққа,
Басты қорғап бұғып қалма таяққа.
Сендер үшін нұрлы жолдар қалаймын,
Жетіп соңғы бекетіңе аяқта!
Аударған – Дәулетбек Байтұрсынұлы