Әкемнен үлгі аламын
Әкешім – асқар тауым! Ананың аялы алақаны, мейірімді жүрегі, нұр шашқан жанары ешкіммен, еш нәрсемен алмастыруға келмейді десек, әкенің қорған құшағы, мен үшін жанын пида етер ер жүректігі, қайырымды алақаны еш теңдессіз. Әсіресе ұл бала үшін әкенің орны бөлек. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» — деген халық даналығы бекер айтылмаған. Әке – отбасының тіреуі болып табылады. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау әр баланың парызы болмақ. «Әкеге бағыну — Аллаға бағыну», — депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Сондықтан әкені ренжітпей, оған құрметпен, ілтипатпен қарау баланың басты парызы.Үлкендер «әкең жіберсе бар «, «әкең ренжіп қалар», «әкеңнің керегін дайындап бер» — деп әкеге қызмет, құрмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым ынтымақ пен бірлік, тәртіп болады.
Әкемнен көп үлгі алуға болады. Мінезі қаталдау, көп сөзге жоқ, істің адамы. Әкемді айналасындағылар сыйлайды, өйткені орнықты, бос сөзі жоқ. Әкем өтірік сөйлегенді әсте ұнатпайды, қандай жағдайда болмасын шын сөйлейді. Маған әкемнің осы қасиеті ерекше ұнайды. Сосын әкем бос уәде бергенді ұнатпайды, мақтанғанды қаламайды. Себебі, ол кісінің айтуынша, мақтаншақтық ер жігіттің сиқын бұзады, айналасына жаман әсер етеді екен.Әкем бір істі бастаса, аяқсыз қалдырмайды.
Өкініштісі сол – кей кезде шындықты айту, табандылық таныту қолымнан келмей жатады. Өзіме сол жағынан көңілім толмайды. Әкем бітірер жұмысты ертеңгіге қалдырғанды ұнатпайды, «бүгін аяқтау керек» деп отырады үнемі. Өзіме сәл көмек қажет бола қалса, үнемі әкеме қол созып демеу іздеймін. Мен үшін әр кез жанымнан табылады, үнемі ақылын айтып отырады.
Жалпы алғанда, мен әкеме бар жағынан ұқсағым келеді. Бәлкім, бұл оны жақсы көргеннен шығар. Әкемнің мен үшін мақтанып жүргенін қалаймын. Әкемнің үмітін ақтағым келеді.
Асқар тауым аман жүр, аяулы әкем,
Жақсы өнеге бердіңіз, мақтан етем.
Кіп-кішкентай жүрегім сендіреді,
Мен өзіңді, әкетай, бақытты етем!
Олжас БЕДЕЛХАНОВ,
Алматы қаласы, №178 лицейдің 6-сынып оқушысы.