Иса пайғамбар
Иса (а.с.) ұлық деп аталатын бес пайғамбардың төртіншісі. Оған «Рухуллаһ» деген құрметті есімнің берілуі – Иса (а.с.) Адам Ата секілді Алла Тағаланың рухынан үрлеп жаратылғандығынан. Яғни, Иса (а.с.) күйеусіз, пәк қыз Хазіреті Мәриамнан туған еді. Мәриам сәбиін құшақтап келген кезде қауым оған тіл тигізіп, жала жаба бастады. Осы сәтте Алланың құдіретімен жөргектегі нәрестеге тіл бітіп: «Әй, надандар! Ар мен ұяттың үлгісі болған шешемді кінәламаңдар! Біліңдер, Алла Тағала мені әкесіз дүниеге әкелді. Бұл Жаратушының бір мұғжизасы!» деп сөйледі. Анасын жаладан, кінәдан ақтап алды.
Хазірет Исаға (а.с.) отыз жасында пайғам-барлық қонды. Ол дереу елшілік міндетіне
кірісті. Бірақ, адамдар оңай илана қойма-ғандықтан, Иса (а.с.) Алланың бұйрығымен ғажайып мұғжизалар көрсете бастады. Исаға (а.с.) ерушілер одан дұға жасап, аспаннан дастарқан түсіруін сұрады. Дұға қабыл болып, ғайыптан дастарқан түсті. Ішінде қақталған балық бар еді, бас жағында тұз, құйрық жағында сірке суы қойылған. Мұны көргендер осының ішінен тағы бір мұғжиза көрсетуін талап етті. Иса (а.с.) дастарқандағы қуырылған балыққа: «Әй, балық! Жаратушымның рұқсатымен тіріл!» деді. Балық аузын ашып-жауып тірілді. Куә болғандар үрейленген кезде «Әй, балық! Жаратушымның рұқсатымен қайта бұрынғы қалпыңа ен!» деді. Дәл солай болды. Осы дастарқанға мұқтаж, пақыр, сырқат адамдар шақырылды. Мың үш жүз адам келіп жесе де балық таусылмады. Жегендер түгел сауығып, тыңайып кетті. Иса (а.с.) Нусайбиндегі зұлым патшаны иманға шақыруға міндет алады. Әуелі Жақұп, Тәуман, Шәмун ебін тауып патшаға кеңесші болды. Бір күні ол патшаның алдында Тәуманды сұраққа тартады. Ол: «Иса Аллаһтың құлы әрі елшісі» дейді. «Оны немен дәлелдейсің?» дегенде, Тәуман: «Ол ауруға шипа береді, балшықтан құс жасап ұшырады, адамдардың не жасырғанын біледі» дегенде, «Оны бақсы, сиқыршылар да жасай алады» деп, патша қарсы сөз айтады. Тәуман «Ол өлікті тірілтеді» дегенде, «Егер олай етсе, біз иман келтірейік» дейді. Исаны (а.с.) шақырып әкеледі. Тәуманның өзіне тәжірибе жасайды. Иса (а.с.) оның денесін бір сипағанда, бәрі сап-сау қалпына келіп, көзі де көреді. Тәуманның басқа айтқандарының бәрін рас жасайды. Ең соңында, Сам бин Нұқ деген өлікті тірілтіп, ол сұрақтарға жауап беріп, өзі Исаның дініне кіреді. Бұл айқын мұғжизаны көрген патша қауымымен Исаның (а.с.) дінін қабылдаған еді. Оған осыдан кейін Алладан «Інжіл» кітабы жіберілді. Ол киелі кітапта ақырғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) келетіні анық айтылған еді.
Иса (а.с.) отыз үш жасында көкке тірідей көтеріліп кетті. Ақырзаман таяғанда Ол жерге түсіп, әлемге Ислам дінін үстем ететіндігі шүйіншіленген.
Абай МАУҚАРАҰЛЫ.