Ахмет пен Қотыр тай туралы ертегі
Ерте, ерте, ертеде, ерте болғанда әлі құрбақалар тек құрлықта өмір сүретін кезде, Аспан мен Отпан деген қос таудың ортасында Жасыл деген патшалық тұрыпты. Неге жасыл десеңіз, мұнда бүкіл халық бау-бақша, гүл, ағаш өсіруді ұнатады екен. Бұл елді Ахмет деген ханзада билейді екен. Ахмет ханзаданың ішкен асы алдында, ішпегені артында, не ішем, не кием демейді, аста төк байлығы соншалық, жер қайысқан жылқысын тек күзде түгендейді екен.
Осынша тоқшылықта өмір сүріп зеріккен ханзада «өмірімде бір пайдалы іс істейін, өзгеге көмегімді тигізейін, сөйтіп кемел адам болайын» деп сақалы беліне түскен, екі көзі көрмесе де бәрін білетін ақылман қарияға ақыл сұрап барыпты. Қария Ахметке шарт қояды: «Мен сені бір елге жіберемін. Бірақ онда ханзада емес, қарапайым бір жолаушы ретінде мына қотыр тайға мініп барасың». Алған бетінен қайтпаған ханзадаға қария есік алдындағы көлге түсу керектігін айтады. Ахмет қымбат киімдерін, жүйрік атын тастап, қотыр тайды жетектеп, көлге түседі.
Су түбіне сүңгіп, қайта шыққанда мүлде басқа жағалауда тұрғанын көреді. Ахмет жаңа өлкеге қызықтап қарай бастады. Бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген табиғат сұлулығына елітіп, қотыр тайға қарғып мініп, елдің орталығына қарай аяңдады. Кеш батып қалған уақыт еді. Неге көше бойында бірде-бір шамшырақ жанбайды екен деп сұраулы жүзбен жан-жағына қарап келе жатқаны сол еді, кенет көкке миллиондаған жұлдыз секілді шамдар көтеріліп, айналаны самаладай жарық қып жіберді. Ішіне шам жағылған шарлар сона-ау көкке көтеріліп, бүкіл көкжиекті қамтып кетті. Бұл қызыққа таңқалған Ахмет көше бойындағы жүргіншіден жөн сұрағанда:
«Қалайша білмейсіз, бұл Тәуекел ханның жыл сайынғы аза тұтуы ғой» деп жауап берді. «Сонда қалай, жақын біреуін жоғалтып па еді?» деп еді, жүргінші: «Сіз, абзалы хан сарайына барыңыз, сонда ханның өз аузынан біле аласыз» дейді.
Ахмет алып мұнаралы алтынмен апталған сарайға келіп, Тәуекел ханға сәлем берді. Тәуекел хан ең кіші қызы Айсұлуды қолына алып отырып болған оқиғаны баяндады: Бірнеше жыл бұрын, халқының ықыласына бөленген Тәуекел хан оқыстан мынадай жарлық шығарыпты: «Кез келген жан ханға шын берілгендігін, ықыласын, сый-құрметін көрсету үшін оған өзі ең қымбат санайтын затын сыйласын». Ханның бұйрығы шығысымен елдің түкпір-түкпірінен ағылған бай-манаптар гауһар тастарын, құнды қазыналарын, асыл тұқымды сәйгүліктерін сарайға жиыпты.
Хандықтың шекарасында шөлейтті аймақта ханды ерекше құрмет тұтатын, тұрмысы жұпыны шаруа жарлықты ести сала, лашығындағы ең бағалы заттарды тізіп көріпті. Қырық жамау шағын бөлмені қарап шығып, ақырында көңілі су құйылған шағын құмыраға тоқтапты. Құмыраның аздап шытынаған, сынған тұстары бар еді. Өзіндегі ең қымбат деген затына шөлдегі ең бағалы зат – су құйып, хан сарайына жолға шығады.
Сіңірі шыққан кедейдің сынық құмыра әкеле жатқанын көріп, сарай маңындағылар миығынан күледі. Алайда Тәуекел патша өзіне тарту етілген мың сан сыйлықтың арасынан сынық құмыраны таңдайды. Шаруадан мұның мәнін сұрағанда: «Жұрт секілді менің шалқыған байлығым жоқ. Құдайдың берген осы нәсібіне разымын. Өзімдегі ең бағалы затым арқылы сіздің өміріңізге иненің жасуындай пайдам тисе деп едім» деп жауап беріпті. Қарапайым шаруаның шынайы ниетіне, ыстық ықыласына риза болған хан оған суы мол өлкеден қоныс беріп, зор сыймен шығарып салыпты.
Сыйлық әкелушілердің арасында тәкаппар Қаракөк деген кісі бар еді. Шіріген байлыққа ие, көпшілік алдында құрметті, сөзі өтімді, өзіндей дәулетті кісінің берген тартуын ханның алмай, қайдағы бір өлуге қолы тимей жүрген шаруаның мардымсыз сынық құмырасын алғанына шамданып, беделім тапталды, өрісім тарылды деп ханға өшігіп, кектеніп, зұлым іске бел буады. Сол түні патшаның ай десе аузы, күн десе көзі бар бойжеткен қызы Қырмызыны орнынан тұрмастай дуалайды да, енді ер жетіп келе жатқан ұлы Ерсайынды шырмап, алып кетеді.
Содан бері қанша іздетсе де ұлын таба алмай, қанша емші-балгерлер алдырып емдетсе де қызын оята алмай әбден амалы құрыған хан оларды сағынып, жаңа жыл тумастан бұрын көкке шырақ жанған шарларды ұшырады екен. Миллион шардың бірі болмаса бірі ұлының көзіне түсетін шығар деп, соны медет етіп, жанын сәл де болса тыныштандырады екен.
Осыншама қайғылы да мұңды оқиғадан Ахметтің жүрегі қан жылайды. Ханға ұл-қызын қайтарғысы келіп, қолдан келер көмегін аямауға ант етеді. Бірақ әлдеқашан күллі әлемнің қызығынан күдер үзген хан селсоқ түрде алғысын білдіріп, өлімші үмітпен ғана: «Егер көмектескің келсе, анау құзар шыңның ұшында жұрттан ақылы асқан дана кісі өмір сүреді, соған жолыға алсаң егер. Алайда ол шыңға жан баласы шыға алған емес. Оның тіп-тік асуларының қиындығын ешбір жануар тұқымы көтере алмайды. Шыққан күннің өзінде қарияның сұрағына ешкім дұрыс жауап бере алмайды» деп қайта теріс қарап жатып алады.
Осы сәтте ханның кенже қызы Айсұлу көзіне жас тұнып, көңіліне қайғы тұнып, Ахметке қарап: «Мен түсімде сарайға келген қонаққа ең қымбат сыйлықты беріп жатыр екенмін. Бүгін сізден басқа қонақ үйге бас сұқпады. Мүмкін, бұл белгі шығар. Мынаны алыңызшы» деп баяғы шаруа сыйлаған сынық құмыраны береді.
Өзгенің бақыты үшін күресуді өзіне бақыт тұтатын Ахмет алған бетінен қайтқан ба! Ақылман қарияның Қотыр тайды беруінде бір мән жатқанын сезіп, таң қылаң бергенде көкжиекті қызартқан күнмен жарысып, таудың шыңына қарай шабады. Көкке көтерілген сайын тайдың қотырлары кетіп, қаракөк түсті жүйрік тұлпарға айналады. Алдынан тайғанақ асулар, тік құлама жартастар, беттен алған дауылдар, бет қаратпас жауындар қарсы алады. Бір қадам артқа, екі қадам алға жылжып, Ахмет шыңға жақындай түседі. Ер қанаты – ат деген осы шығар, ерді жастанып, темірқазықты белгі етіп, алға ұмтыла береді. Отыз күн, отыз түн дегенде арып, ашып, шыңға жетеді.
Қалың біткен қос қарағайдың жанында, сылдырап аққан бұлақтың бойында, маздап жанған оттың ығында қасы көзін, сақалы кеудесін жауып кеткен бір қария отыр. Ахмет ізет білдіріп, сәлем берді. Тамақтанып, келген шаруасын айтты. Жеті қат көк, жеті қат қара жердің құпиясын білетін қария «егер сұрағыма дұрыс жауап берсең, көмектесемін» дейді. Тығырыққа тірелсе де, артқа қайтар жол жоқ, тәуекел деп Ахмет белін бекем буады. Сонда қарияның қойған сұрағы: «Ол — дүниедегі ең ұзақ және ең қысқа. Бәрінен жылдам және бәрінен баяу. Шексіз бөлшектене береді және мүлде бөлінбейді. Оны аз қадір тұтады, бірақ оның жоқтығына қатты өкінеді. Онсыз ештеңе орындалмайды. Ол аз кезде бүкіл нәрсені ізін қалдырмай жояды, ал көп кезде тып-тыныш еркін демалуға мүмкіндік береді». Өмірі мұндай қиын сұрақты естіп көрмеген Ахмет қатты сасады. Бір сәт бүкіл ғұмырын көз алдынан өткізіп, барынша зер салып ойланады. Әке-шешесін сағынғандағы сәттерді, іші пысатын кездерді есіне түсіріп отырып, бір кезде орнынан атып тұрып: «Уақыт! Уақыт! Уақыт емес пе!» деп қуанып кетеді. Қария жымиып, басын изеді. «Енді ақылымды жақсылап тыңда» деп, ханның ұлын қалай құтқаруды және қызын қалай ұйқысынан оятуды айтып береді. «Бірақ, соңында болатын бір қайғылы оқиғаны көріп тұрмын. Сонда өзім келемін» деп жұмбақтап қояды.
Сынық құмыраға бұлақтан су құйып алады да дүниенің шетінде, тоғыз теңіздің торабында, су бетіндегі алақандай аралда өскен орманға аттанады. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, бір замандарда орманға да жетті. Шағын орманның ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныстарынан шалды көріп қалады. Шал мұны көрісімен, жүзін теріс қаратып, кері жүре жөнеледі. Алба-жұлба болған киімдері мен әжімді де реңсіз ажарынан ұялған болуы керек. Ахмет соңынан тез жетіп, оның Ерсайын екеніне көзі жетіп, оның қарындасы Айсұлу сыйлаған сынық құмыраны көрсетті. Шал бірден тоқтай қалады да, жолаушыдан жөнін сұрайды. Ахмет құмырадағы суды ішуін өтінді. Шал екі сөзге келместен, суды басына қотарып, сіміріп салады. Бұл бір ғажайып дерсіз! Шалдың өне бойы сәулемен шағылысып, көз қарықтырып, бірнеше секундта жап-жас жігітке айналды.
Шың басындағы қарияның айтуымен енді бұлар қалың ұйқыда жатқан қарындасы Қырмызыны айықтыру үшін «өмір гүлін» іздеуге ден қойды. Өмір гүлі кез келген өлім аузындағы адамды сау қалпына әкелетін қасиетті сирек кездесетін шөп, оған қол жеткізу оңай емес. Аспан мен жердің біріккен жерінде, жеті қат жердің астында, жеті басты құбыжықтың қорғауындағы сандықта өсетін. Асай-мүсейін асынған Ерсайын және Қотыр тайын ойнақтатқан Ахмет ұзақ жол жүріп, жер мен көктің біріккен жеріне жетіп, жердің астына түсіп, екеуі екі жақтан алысып, наркескенімен құбыжықтың жеті басын да шауып түсіреді. Шайқас кезінде құбыжықтың тырнағынан Ахмет жарақаттанып қалады, бірақ Ерсайынға білдірмейді. Сандықты бұзып, ішінен өмір гүлін алады. Қарияның айтқанын бәрін дұрыс орындап, енді Қырмызыға гүлді иіскету ғана қалды. Аттың басын бұрып екі жас елге асықты. Ерсайын екі қарындасын көргенше әзер шыдады. Жолай Ахметтің жарасы асқына берді.
Тәуекел хан шат-шадыман күйге түсіп, бір орнында тұра алмай, байыз таппай, ұлы мен бейтаныс қонақ жігіт Ахметтің алдынан күтіп алуға шықты. Бүкіл қауым боп аяғын жерге тигізбей көтеріп, құшақтарына алып, мауқын басты. Ерсайын әкесін, Айсұлуды және Ахметті ертіп, ұйқыдағы Қырмызының төсегінің жанына келеді. Ерсайын өмір гүлін қолына алып, қарындасына иіскеткенде, жылдар бойы ұйқыда жатқан қыз көзін ашады. Ояна сала әкесінің мойнына асылады.
Осы қуанышты сәтте жарақаты меңдеген Ахмет тұрған жерінен талып түседі. Демі тоқтауға айналып, жүрегі әлсін-әлсін соғады. Ерсайын «Ахмет! Ахмет!» деп шырылдап қала берді. Осы сәтте Қотыр тай жан ұшыра кісінейді. Сарайдың есігі ашылып, ішке сонау тау шыңындағы қария келіп кірді. Ахмет «бір қайғылы оқиғаны көріп тұрмын. Сонда өзім келемін» деген қарияның сөзін есіне алды. Ол не жасамақ? Еріндері зорға қозғалып, дірілдеп: «Ерсайын!» деуге шамасы жетті де есінен танып кетті.
Қария Тәуекел ханға қарап: «Бұл жігітті құтқарудың бір ғана жолы бар. Орындайсың ба?» дейді. Хан бүкіл хандығын құрбан етуге дайын екендігін білдіреді. Сонда қария: «Осы елдегі барлық жетім балаларға әрқайсысына үй, алдына мал, сарқылмас қазына, пайдалы білім беріп, солардың қуаныштан аққан бір тамшы көз жасын бір құтыға құйып алып кел» дейді.
Хан бүкіл қызметшілерімен ел мен елді, жер мен жерді шарлап, еңіреген бірде-бір жетім қалдырмайды. Алты ай дегенде сарайына тамшы жаспен толған құты әкеледі. Қария құтыны Ахметтің жарасына құйғанда, ғажап шипа дарып, демде құлан-таза айығып кетеді. Тәуекел хан Қырмызыны Ахметке қосып, ұлан-асыр той жасайды. Отыз күн ойын, қырық күн тойы біткенде Ахмет жас жұбайымен елге қайтуға рұқсат алады. Қотыр тайды екеуі мініп келіп, баяғыдан өзі шыққан көлге келеді. Суға бір сүңгіп шыққанда, өзінің елінің жағалауы екенін көреді.
Бір қызығы, көл жағасындағы және тау басынан келетін қарияның екеуі де бір адам екенін байқайды. Бұл анау өлкеде жылдар бойы жүргенде, мұнда бір минут та уақыт өтпеген екен. Қария Ахметке қарап: «Қалай, балам, өміріңде бір мәнге ие ізгі іс жасауды қайдан бастау керектігін ұқтың ба?» дейді. Сонда Ахмет «Иә, ата, мына құты әрқашан есіме салып тұрады. Елімде жетім баланың тек қуанышы үшін күресемін» деп, Қырмызы екеуі патша сарайына қарай шаба жөнеліпті.
Мирас Кесебаев