Үй өсімдіктерін қалай күтіп-баптаймыз?
Үй өсімдіктері тек сәндік үшін ғана емес, сонымен қатар адамның тыныс алу жүйесіне оң әсерін тигізіп, ауаны тазартатын қасиетке ие.
Дұрыс өсіру үшін оларға қажетті жағдай жасай білу керек. Жарық, температура, ылғал қажетті мөлшерде болса, жайқалып өседі. Өсімдіктердің жарық сүйгіш, көлеңкеге төзімді, жарықты көп қажет ететін, жылу сүйгіш түрлері болады. Қазіргі кезде өсімдіктерді қабырғаға іліп қоятын гүл өсіргіштерде, арнайы пластмасса ыдыстарда өсіру кең тараған. Ал ірі өсімдіктерді тұғырға орнатылған жеке ағаш кеспектерге немесе арнаулы ыдыстарға отырғызу қажет. Көшет отырғызу үшін жас өсімдіктерді сатып алған дұрыс, сондай-ақ өсімдіктерді өз ұрығынан немесе сабағынан өсірсе тіпті жақсы, себебі олар тез өсіп-өніп жаңа жағдайға оңай бейімделеді.
Үй өсімдіктері әр түрлі топырақты қажет етеді. Бөлмеде гүл өсіргенде қорда, қарашірік, шымтезек, шым мен құм араласқан топырақ пайдаланылады. Қорда топырағын өсімдіктердің қалдығынан: шөптен, қурай түскен жапырақтардан т.б. дайындайды. Бұл топырақтың құнарлылығын арттыру үшін қажет. Өсімдіктердің топырағын жиі ауыстырып отыру керек.
Өсімдіктерді суарғанда да суды қанша мөлшерде қажет ететінін және судың температурасын білген жөн. Өсімдікке құятын судың температурасы бөлме температурасында не одан жоғары болуы шарт. Құбырдан алынған суды құймас бұрын, алдымен хлорынан арылту үшін тұндырып қою керек. Өсімдікке су құйғанда топырақтың түйіршіктері жібіп, су ыдыстың түбінен ағуы тиіс. Тығыз топыраққа отырғызылған өсімдіктің суын сол бойда, ал жеңіл топырақтың артық суын 30 минут не 1 сағаттан кейін төгіп тастайды. Кейбір ылғал сүйетін өсімдіктердің түбінде үнемі су жатқаны жөн. Өсімдіктерді күн қатты ыстық кезде бүркіп суару қажет. Өсімдік жапырақтарын таза ұстау үшін жылы суға малып алынған мақтамен не губкамен екі жағын бірдей сүртіп отырады. Түкті жапырақтардың шаңын арнайы щеткамен тазартады. Өсімдіктерді аптасына бір рет жуып отырады, өйткені жапырақты шаң басып, ауруға тез шалдығады.
Азалия, гербера, бенджамин фикусы, алоэ вера, кактус, хлорофитум, колеус, әлем лалагүлі, алтын потос, сансевиерия, хамедорея секілді бөлме гүлдерін өсірген дұрыс.
Себебі олардың адамның тыныс алуына пайдасы мол.