Рамазан Стамғазиев: Армандарым орындалды

Сәлем, «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандары! Осы журналды қолдарыңа алып, оқыған ұл-қыздың арасынан болашақта журналист болуға бел байлайтындарының қатары өсе түседі деп білемін. Солардың бірі- өзім. Жас тілші ретінде көп еңбектенудемін. Қазақстан Республикасының әртісі, белгілі әнші Рамазан Стамғазиев ағамыздан сұхбат алу маған бұйырды.

—Бала кезден өнерге жақын болғаныңызды білеміз, домбыраны қай жасыңыздан қолыңызға алдыңыз?
—Домбыраны мен ес білгенде, 5-сынып оқып жүрген кезде әкемнің қолынан үйренгенмін. Әпкелерім, ағаларым домбыра тарта бастады. Соларға еліктеп мен де домбырашы болсам, шіркін-ай, мен де бір домбыра тартатын қазақтың перзенті болсам, орындаушысы,әншісі болсам деп армандайтынмын. 6-сынып оқып жүргенде үлкен сахнаға шықтым, аудандық байқауларға бардым, қалаға келдім. Одан Республикалық «Өнерге қанат қаққандар» атты конкурста жеңімпаз атандым. Мектеп табалдырығында жүргенде Енесейге, Артекке, Қырымға жолдама алған қазақтың бірімін.
—Бала кезіңізде қандай болдыңыз?
—Әжемнің, анамның, әкемнің және айналамдағы достарымның айтуына қарағанда, сондай бір өте жуас емес, болмаса, сондай бір қағынған, елмен төбелесіп жүретін сотқар бала да болмаппын.
—Қандай армандарыңыз болды, орындалды ма?
—Армандарым орындалды. Мен бала кезімнен «Үлкен ағаларымның қасында сапта тұрсам екен» — деп ойлайтынмын. Солардың шыққан биігіне, шыққан сахнасын көргім келетін, айтып жүрген әндерін айтқым келетін. Қазір қарасам арманым шетінен орындалып келе жатыр. Сахнада жүрмін, ғасырлардан ғасырларға келе жатқан қазақ әндерін, халық композиторлардың әндерін қазіргі таңда үлкен сахнада орындап жүрмін.
— «Домбырамен ән айту мектебі» атты кітабыңыздың тұсау кесері өтті. Сол кітап арқылы біздің балалар домбыра үйрене ала ма?
—Әрине, үйренеді. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін, кез келген талаптанған адамдарға, балаларға, орта буындарға үйренуге болады. Өйткені ол кітап 4 буыннан тұрады.1,2,3,4,5 сыныптың бағдармаларына кіргізілген, қосымша, күрделі бағдармалары берілген. Ары қарай біздің кезімізде Қали Байжановтың, Жүсіпбек Елебековтың, Манарбек Ержановтың, Қайрат Байбосыновтардың ғасырдан келе жатқан халық әні мен халық композиторлары әнінің алғашқы орындайтын ән бастаулары, солардың ән үлгілері түсірілген. Жеңіл тез үйренетін, тез санаға сіңетін балаларға оңай болатын күйлерді кіргізіп отырмыз.
—Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан:
Медина Рахмедулла,
«Д.Бабаев атындағы №115 ЖББМ», 10 «Ә» сынып оқушысы. Алматы қаласы, Түркісіб ауданы

ПІКІР ЖАЗУ