Ормандағы оқиға

Қайнекей Жармағамбетов 1918 — 1974 жылдарда өмір сүрген танымал қаламгер болған. Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген оның «Заман біздікі», «Адам туралы аңыз», «Әнші азамат» сияқты бірнеше кітаптары бар. Оқырмандарымызға жазушының балаларға арналған әңгімесін ұсынып отырмыз.
Редакциядан

Сылдырап аққан бұлақтың екі жағасында екі ағаш өсіп тұрды. Бірі — қайың, екіншісі — қарағаш. Олар үнсіз сырласып, желді күні бұтақтарын иіп, сыбырласатын достар еді.
Түн. Ақ қайыңның түбіне томпаң қағып тобылғы келді.
—Жай жүрмісің? Мезгілсіз келдің ғой, — деді қайың.
—Дабырламаңыз, сізге бір шындық айтқалы келдім, — деп тобылғы томпаң қағып, қайыңның тамыр тартар түбіріне сыбырлады.
—Сіз көршіңіздің сырын білмейсіз. Оның түсі қандай қара болса, іші де, ниеті де сондай. Сондықтан да ол қарағаш атанған. Сіз қалғып кеткенде, мына бұлақтың суын өз тамырына тартады, арнамен келген асыл нәрді де обырдай обады. Көрмейсіз бе, сіз — жіңішке, ол — жуан! Сіз — аласасыз, ол — биік!..
Осыны айтты да, тобылғы тайып тұрды. Қайың бұтақтарын сілкіп-сілкіп тастап, ашуға мінді. Көршісімен шайқасуға таңды күтті.
Тобылғы тәй-тәй басып қарағашқа жетті.
—Ұйқымды бұздың ғой, жай жүрмісің? — деп, қарағаш есінеп қойды.
—Неге жай болсын?! Сізге көзіммен көріп, құлағыммен естігенімді айтқалы келдім.
—Айт, — деді ол.
—Жуырда сіз мүлгіп тұр екенсіз. Ақ қайың шидей шыбық балаларын жиып алып: «Қап-қара қарағаштың шыбықтарымен дос болмаңдар. Мінездері дойыр. Түрлері сиықсыз. Ішсе — ішкенге, жесе — жегенге тоймайтын қанағатсыздар. Аулақ жүріңдер олардан, сүйріктей сұлу, ақ бөпелерім. Бүкіл орманға күлкі боласыңдар», — деп ақыл айтты. Мен осыны тыңдап тұрып, көршіңіздің сырты ақ, іші қара екен деп түйдім…
Тымпың қағып тобылғы кетті. Қарағаш іштен кіжініп, ашуға мінді. Кектенді, таңды күтті. Көкжиектен арқан бойы күн де көтерілді. Көршілер бір-біріне оқты көзбен қарасты. Әдеттегі сыпайыгершілік былай қалды. Амандық-есендік сұраспады.
—Өңің бұзылып, сұрланып кетіпсің ғой, түсіңнен шошып ұйықтамадың ба? — деп тиісті қарағаш.
—Сенің де түсің оңып тұрған жоқ. Түнгі ұрлықтан олжалы оралған боларсың… — деп, ақ қайың да қатулана тіл қатты.
Жанжал басталды. Тілдің тиегі ағытылды. Бұтақтарын қомдап, бірін-бірі шапалақтап та өтті. Шын төбелес басталды. Бұлардың сарт-сұрт шайқасына бүкіл орман құлақ түрді. Ең алдымен арашаға сексеуіл жетті. «Қосақ арасында шыбын өледі» дегендей, екі мықтының ортасында жүріп сексеуілдің омыртқасы омырылды. Бұтақтары сынды. Қиқы-жиқы болды да қалды. Әзәзілдігінен ұялып қызара түскен тобылғы шетте қарап тұрып, бұға берді.
Сонан бері ақ қайың мен қарағаш іргесін аулақ салып, қоныстарын алыстан алатын болды. Сексеуіл қиқы-жиқы мүгедек қалпында қалды. Жұрт бетін көрер дәрмен жоқ тобылғы өзінен-өзі ұялып, қып-қызыл болып, орманнан аластатылып, айдалада бұғып қана тіршілік ететін болды.
Қайнекей Жармағамбетов

ПІКІР ЖАЗУ