Қымбатты «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандары!

Қадірлі балалар!
Өткеніне құрметпен, болашағына зор үмітпен қарайтын Қазақстан халқы мамыр айында маңызды мерекелер мен атаулы күндерді атап өтеді. Біздің халқымыздың қасиетті жерінде өзге ұлт өкілдері де қоныс теуіп, ұзақ жылдар бойы өз Отаны санап, өмір сүріп келеді. Қазақ ұлтымен түрлі ұлыс өкілдерінің бірлікті, ынтымақтықты сақтап, бір атаның баласындай тіршілік етіп келе жатқаны бүгінгі таңда әлем үшін зор үлгі. Бұл – ымырашыл татулықты біз әрдайым мақтан тұтамыз!
Ұлы Дала елінде достықтың мәртебесін арттыру мақсатында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ерекше тойланады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан – халқы татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналды» — деп, әркез бірлік пен ынтымақтың мәнін ерекше ұғындырады. Сый-құрметімізді арттырып, бейбітшілігімізді сақтайтын бұл мейрамның арқасында барлығыңның қасыңнан ақылды да адал дос табылсын деймін. Әр сыныптастың орны бөлек екенін біліңдер.
Жалпы көктем мезгілінің соңғы мерзімі, жазғытұрым уақытқа жалғасатын мамыр айының ел тұтастығы мен рухани құндылығында алатын орны тағылымды. Мәселен, өз Отанының нағыз патриоттары, кірпік қақпай шекараның беріктігін қорғайтын ер-азаматтарды ұлықтау, қадірлеу мақсатында дүниеге келген Отан қорғаушылар күні мамырдың 7-жұлдызында аталып өтіледі. Бұл айтулы күнде «Ел шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан» Қазақ елінің атпал азаматтарымен қатар, кез-келген қысыл-таяң уақытта атқа қонуға даяр қайсар қыздарын да мемлекет ұмыт қалдырмайды. Мейрамның басты мақсаты – ер азаматтарға деген құрметті арттырып, ел қорғандарының абыройын аспандату, отансүйгіштік сезімді дамыту болып табылады.
Болашақта елін қорғап, жерін сақтайтын қаһарман ұл-қыз болып өсулерің үшін бұл мерекенің тәлім-тәрбиелік мәні зор. Қайсар рухты азамат болып, ел мақтанышына айналуларыңа тілектеспін!
Осыдан 71 жыл бұрын қазақ жерінен аттанған сан мыңдаған жауынгер Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсетіп, Ұлы Жеңіске жетуге мол үлес қосқанына өткен тарих куә. Қазақ халқының біртуар батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов бастаған көптеген ержүрек азаматтары мен Хиуаз Доспанова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовадай қайсар қыздары қолдарына қару алып, Отан үшін ерлікпен шайқасты. Олардың жасаған жауынгерлік ерліктері тарихта мәңгі сақталады. Бүгінгідей келелі келешек, баянды болашақ үшін сұрапыл соғыста от кешкен батырларымызға тағзым етіп, құрмет көрсету үшін аталып өтетін Ұлы Жеңіс мерекесі 9-мамыр күні тойланады. Егемен елде қай заманғы болсын кешегі батырлардың есімдерін естерінде сақтау – үлкен өнеге!
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, «халық жауы» деген жаламен саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылған санасы сақ ұлт зиялылары, ұлт ертеңі үшін жапа шеккен тағдырлар… Бұл – ұлт жүрегіндегі ауыр сызат. Жыл сайын 31-мамыр күні сол зұлматты жылдары зардап шегіп, құрбан болған бауырларды еске аламыз. Рухтарына тағзым етеміз, бүгінгі күнімізге тәубе айтамыз. Сендер, ертең-ақ өсесіңдер, әлі-ақ бұл күннің мәнін терең түсінетін боласыңдар, ақылдыларым..!
Кішкентай оқырман! Баршаларыңды мамыр айындағы маңызды мерекелермен шын жүректен құттықтаймын! Ата-әже, әке-аналарыңның терең мейіріне қанығып, өз Отаныңның алмастай алдаспан патриоты болыңдар. Білікті де білімді болу жолындаып, көп ізденіңдер. Жүздеріңнен жарқын қуаныш, көңілдеріңнен арайлы шапағат кетпесін!

Ізгі ниетпен,
Динар НӨКЕТАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры

 

ПІКІР ЖАЗУ