Байқаудан олжалы қайтты

АСТАНА. ҚазАқпарат — Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық байқауына қатысқан елордалық 32 жоғары сынып оқушысы елге оралды. Турнир қорытындысы бойынша екі оқушы бірінші орын, жетеуі екінші, сегіз оқушы үшінші орын алды.
Конкурсқа бес секция бойынша 16 қалалық мектеп оқушылары қатысты. Олар математика, физика, химия, биология, география, тарих, тіл білімі, экономикадан өз жобаларын орыс және ағылшын тілдерінде ұсынды.
№17 мектеп-гимназиясының оқушысы Аида Қасымова химиядан, №51 мектеп-гимназиясының оқушысы Дана Исмағұлова физика пәні бойынша бірінші орын алды.
Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің өкілі Абылай Ақылбек, №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Аделаида Аллахвердиева, №75 мектеп-гимназиясының оқушысы Мира Шауали күміс жүлде иеленді. Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Ақыл Зайділбек қола жүлдеге қол жеткізді.
«Күміс» жүлде № 60 мектеп-лицейінің оқушысы Жания Баймағамбетова, Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Әлібек Даркембаевқа бұйырды. № 73 мектеп-лицейінің оқушысы Санжар Ахметов пен Дарынды балаларға арналған ҚТЛ оқушысы Ільяс Ахмурзин үшінші орын алды.
Жарыс жүлдегерлерінің бірі Жания Баймағамбетова өз пікірімен бөлісті:
— Мен өз жобамды химия пәнінен ұсындым, өзім химия-биология сыныбында оқимын. Шынын айтсам, қиын болды. Жұмысымды орыс тілінде жазғандықтан оны ағылшын тіліне аударып, қорғауға тура келді. Төрт жылдан бері химияны тереңдету тобында оқып жүрмін, олимпиадаларға, турнирлерге жиі қатысамын, мектептен кейін ғылыммен айналыспақпын, — деді.

ПІКІР ЖАЗУ