Ма Юнь

Қытайдың ірі кәсіпкері Ма Юнь әлем халықтарына Джек Ма деген атпен танымал. Ол — «Alibaba Croup» компаниясының негізін құрушы және директорлар кеңесінің төрағасы. «Форбс» журналының мұқабасына суреті шыққан Қытайдың алғашқы кәсіпкері. 2014 жылдың қарашасындағы Bloomberg компаниясының есебі бойынша Ма Юньнің 29,7 миллиард доллар қаржысы бар деп анықталып, қытайдың ең бай адамы болып танылған. Әлемдегі ең бай 18-адам ретінде де белгілі.
Ма Қытайдың Ханчжоу қаласында 1964 жылдың 10 қыркүйегінде дүниеге келген. Әке-шешесі музыканттар болған. Бала кезінде ол ағылшын тілін үйренуге құмартып, шетелдіктер тоқтайтын қонақ үйге велосипедпен барып, олармен ауызекі сөйлеуді үйрене бастаған. Тіл үйренуді жетілдіру мақсатында қаланы аралату үшін шетелдіктерге тегін жұмыс істеген. 1988 жылы Ханчжоудың педагогикалық инсти-
тутын аяқтаған. 1990 жылдары жұмыс таппай, әбден қиналған, ақыры сол институтта 12-15 долларлық айлыққа оқытушылық жұмысқа алыныпты.
Осы кезде Маны шетелдік компаниялар жұмысқа шақырады. Ма оларға: «Студенттерге ағылшынша үйретемін деп ректорға уәде бергенмін. Уәде берген жылдарым аяқталғанша сендермен жұмыс істей алмаймын», — депті.
1995 жылы Ма АҚШ-тың Сиэтл қаласында сауда делегациясының құрамымен аудармашы болып барып, ғаламтормен танысқан. Қытайға қайтып келе салысымен ғаламтормен жұмыс істеуді өз халқына үйрете бастаған. Осы салаға ақша жинап салып, дамытқан. Алғашқы жылдары жұмысы дұрыс жүрмесе де, сабыр сақтап, еңбек етіп, үш жылдан соң 800 мың доллар пайда тауыпты. 1999 жылы ол 17 досымен
«Alibaba Croup» компаниясын құрып, ғаламтормен сауда жасау жұмысын бастаған. Көптеген сәтсіздіктерге қарамастан, табандылығының арқасында уақыт өте келе жұмысы алға жылжи бастаған екен.
Ма Юнь қоршаған ортаны қорғау үшін күрескерлігімен де танымал. Ол — қоршаған ортаға зиянды заттарды сатудан түбегейлі бас тартқан жан. Ол компанияға түскен кірістен жыл сайын судың, ауаның, табиғаттың қорғалуына қаржы бөліп тұруды азаматтық міндетім деп біледі.
Әйелі — Чжан Ин. Бір ұлы мен бір қыз бар. Маның ғаламтордағы “Alibaba” дүкені 1 сағатта 2 миллиард доллардың тауарын сата алады.

Дайындаған —
Ерболат Әбікенұлы

ПІКІР ЖАЗУ