Балалар — біздің болашағымыз!
Тәуелсіз еліміздің болашағы – балалар. Осы уақытқа дейін атқарылған істердің жалғастырушысы да, қоғамның тегершігін алға айналдыратын да солар болады. Елбасымыз өз сөзінде: «Біздің балаларымыздың тамаша келешегі бар,» — деп үлкен сенім білдіреді. Барлық жағдай жасалған. Елдің болашағы ретінде балалардың мүддесін ойлау, құқығын қорғау – иманды істің бірі.
Қазір жаз айы. Көптеген балалар мектеп жанындағы сауықтыру және қала, ауыл сыртындағы демалыс лагерьлерінде жақсы тынығуда. Жас жеткіншектердің шығармашылығын дамытуға, рухани байлық алуына көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырылуда, отанға деген сүйспеншілік, туған жерге деген махаббат, бейбітшілік пен достық, мемлекеттік рәміздер мен еліміздің мемлекеттік тілі – бәрі, бәрі балаларға арналған іс-шаралардың негізгі тақырыбы. Алда – жаңа оқу жылы. Елбасының биылғы «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауын іске асыру мақсатында елімізде «Жол картасы» бағдарламасы аясында бүгінде көптеген нысандарда құрылыс, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ел көлемінде атқарылып жатқан мұндай игі шаралар балғын болашағымыз – балалардың білім ұясын реттеуге бағытталады. Балалардың білім алатын мектебінің қыста жылы, жайлы болуы ерекше назарға алынған. Міне, өздеріңнің игіліктеріңе атқарылып жатқан жұмыстардың өтеуі – сендердің сабақты жақсы оқып, мемлекетіміздің адал, білімді азаматы болып өсулерің болмақ. Біз, үлкендер легі өздеріңе әрдайым үміт артамыз.Жаңа оқу жылында да республикамыздың балалары білім асуында биік жетістіктеріне жетуіне тілектеспін. «Мөлдір бұлақ» журналының барлық оқырмандарына, олардың ата-аналарына, мектеп ұстаздарына және редакция ұжымына үлкен табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы жаңа белестерге жетелей берсін деген тілекпен, Жамбыл облыстық білім басқармасының бастығы:
Д.И. Әбдірайымов.