Қыздарым — қияда, ұлым — ұяда

Айдарымыздың бүгінгі қонағы — ақын, Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің жары — Нәсіп Мұстахқызы.

Кішкене кезімнен Жұмекен аталарыңның есімін естіп өстім. 1949 жылы ауылдан бастауыш мектепті аяқтап, басқа мектепке 5-сыныпты оқуға бардым. Шәмеденова Жібек дейтін қызбен танысып, бірден жақын құрбы болып кеттік. Жібекпен бірге 3 жыл бір партада отырдым. Ол Жұмекеннің немере қарындасы. Аузынан ағасы Жұмекен түспейді. Бірақ ағасы басқа мектепте оқиды екен.
Тағдыр айдап білімімді тереңдету үшін 8-сыныпта басқа мектепке ауысқанымда, Жұмекен сол мектептің 9-сыныбында оқып жүрді. Бұрын атын ғана естіп жүрген Жұмекенді сөйтіп күнде көретін болдым. Кітапханада кітап оқып отыратын кезін жиі көретінмін. Жұмекен скрипкамен «Бұлбұл» күйін орындағанда тыңдаушылар сілтідей тынушы еді. Қол шапалақтап, тағы да өнер көрсетуін сұрайтын. Сол кездегі халық өнерге, өлеңге ерекше ынтық болды. Жұмекен домбырада да жақсы ойнайтын. Өзім ер бала сияқты өсіп едім, енді осы мектепке келіп, Жұмекенді көрген соң ұялшақ қыз екенімді білдім.
Мектепте оқып жүргенде Идаят деген жан жолдасы болды. Екеуі де сабақты жақсы оқыды. Идаят мектепте комсорг, Жұмекен оқу комитетінің төрағасы болған еді. Екеуі де бір-біріне оқыған кітаптарын айтып отыратын. Олар әдебиет, тарих жайлы сөйлегенде біздің ауызымыз ашылып тыңдаушы едік қой. Жұмекен уақытты үнемдеп, тез-тез жүретін.
Кейіннен бас қосып, отау құрған соң бес балалы болдық. Әйкен 1958 жылы дүниеге келген, мамандығы — математик. Қарлығаш 1962 жылы туған, экономист болып қызмет етеді. Одан кейінгі — ұлымыз Мағжан. Ол 1965 жылы өмірге келген. Мамандығы — инженер. 1968 жылы туған Тоғжан қызымыз — сәулетші. Саида деген кенже қызымыз 1970 жылы дүниеге келген. Мамандығы — әдебиетші, аудармашы.
Жұмекен аталарың 48 жасқа толардан бірнеше күн бұрын, өмірден ерте озса да, Құдайға шүкір, ұлы — ұяда, қыздары — қияда. Қыздарым өркениет пен мәдениеттің орталығы — Алматыда өссе де, ерсі әдеттер мен түрлі сәндерге еліктемей, ізетті болып тәрбиеленді. 12 немерем, 2 шөберем бар. Талжібек деген тұңғыш немерем — заңгер. Темірәлі деген немерем — суретші, Сәкен — математик, Идаят пен Мақсат ән салады, аталары сияқты домбырада ойнайды. Жанайдар өлең жазады, ән салады. Сабыржан деген немерем: «Өскенде батыр боламын»,-дейді. Ниетәлі мен Ерсері деген кішкентай немерелерім аталары сөзін жазған Әнұранды айта алады. Күйеу балаларым, келіндерім сыйлайды. Қыздарым мен ұлым аялайды. Немерелерім «Ақ ана» дейді, оларға еліктеп ауладағы балалар да мені солай деп атайды. Жұмекендей ақынға жар болғаныма, бақытты ана, аяулы әже болғаныма шүкір деймін. Жас ұрпаққа оқуға құштар болыңдар, үлкендерді сыйлаңдар, тәрбиелі болыңдар дегім келеді.
Әңгімелескен: Саят ҚАМШЫГЕР

ПІКІР ЖАЗУ