Мұстафа – ұлтжандылықтың үлгісі
Әлемге әйгілі таэквандо шебері, өз ұлтын мақтан тұтқан біртуар ұл Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы 24 қарашада дүниеге келген. Орта мектепті 16 жасында Түркияда бтірген. Содан жиырма баланың бірі болып Тайванға аттанады. Әйгілі генералисимус Шан Кай Ши білім ордасын ашып, әлемдегі дарынды, зерек оқушыларды шақырады. Аталған білім шаңырағына қабылданған адамға қосымша бір кәсіппен айналысу міндеттеледі екен. Мұстафа таэквондоны таңдапты. Сөйтіп, университетте жүргенде-ақ әлем чемпионы атанады. Ол жоғары оқу орнын ағылшын тілінде меңгерген, мамандығы – журналист. Бірақ Тайваньға журналист ретінде емес, спорт саласына қалдырылады. Халықаралық ережеге сай, таэквондоның бесінші данын иеленген спортшы жекпе-жекке шығуына тиым салынады. Сондықтан спорттың бұл түрінен шыңға шыққан Өзтүрік енді өзін бапкер ретінде сынауға бел буады. Кейін сол қызметін Түркияда жалғастырып, шеберлікке көтерілгеннен кейін оны Германияға шақырады. Мұнда әуелі әскерлер мен полицейлерге тәлім береді. Үшжылдық келісім-шарты аяқталған соң, сонда қалып, өз мектебін ашады.
Мұстафа Тайваньда жүргенде, бір халықаралық жарыстан жалғыз өзі жеңіс туын желбіретіп оралады. Оны командасымен елдің президенті Шан Кай Ши қабылдайды.
Ел басшысы танысып жатып:
— Атың кім? – деп сұрайды.
— Мұстафа Өзтүрікпін! – дейді.
— Қай ұлтсың?
— Қазақпын.
Осы сәтте өңі түтігіп басылған Шан Кай Ши былай дейді:
— Мен кезінде Қытайда жүргенде қазақтармен соғысып едім. Сол қазақтардың кесірінен Қытайдан қуылғанмын. Енді, міне, басқа қазақ келіп менің елімнің мәртебесін асқақтатты.
«Бір өкінішім, — дейтін Мұстафа. – Халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан қатыса алмадым. Жақсы дайындалып, жарқырай көрініп жүрген кезімде қазақ елінің намысын қорғағанымда, менде арман болмас еді».
Ол қазақ елін күреске түсіп әйгілей алмағанмен, таэквондо күресінің бапкері ретінде мықты қырынан көрініп, елдің даңқын шығарады. Республика бойынша таэвандо мектебін қалыптасытырып қана қоймай, Бексейіт Түлкиев, Қабибек Мұхитов сынды шәкірттерді көптеп тәрбиелеп кетті. Бүгінде таэквандо күресі елімізде нағыз кемеліне келген спорттың бірі.
Мұстафа туралы сөз өрбіткенде, оның айрықша ұлтжандылығын көрсететін бір оқиғаны айтпай кетуге болмайды. Ол Түркияда, Германияда жүргенде бірнеше фильмге түседі. Соның біріне Мұстафа өзгеріс енгізіп, фильмге мынандай эпизод қосады: Мұстафа біреуді мафияның адамдарынан құтқаруы тиіс. Сол себепті оңтайлы сәтін күтіп, тасада отырады. Мафия басшысы оның жақын жерде екенін сезіп қалып:
— Батыр болсаң, шық бері! – деп ақырады.
Мұстафа шықпайды.
Әбден болмаған соң ол:
— Қазақ болсаң, шық бері! – деп қалады. Өзтүрік атып шығады…
Дайындаған: К. КӨКТЕМҰЛЫ.