«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»

Ұлы Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арнап, «Мөлдір бұлақ» журналы редакциясының шығармашылық ұжымы ұйымдастырған бәйге жеңімпаздары марапатталды.
Сәуір айының соңғы аптасы журнал оқырмандары үшін есте қаларлық күн болды. Бәйгеге қатысып, жеңімпаз атанған барлық оқырмандар атына арнайы шақырулар жолданған болатын. Шақырған жүлдегерлеріміз белгіленген уақыттан бұрын келе бастады. Редакцияның мекенжайын іздеп жүрген Жалғас Телібаевты тани кеттік. Анасы Гүлбайра,әпкесімен Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылынан келіпті.
— Апай, біз бір күн ерте келіп алдық. Бара берсек бола ма? — дейді сурет арқылы көріп, қаланың кең көшесінде кездескенімізге қуанышын жасыра алмаған Жалғас.
Марапаттау уақыты жақындағанда, Алматы облысы Райымбек ауданының оқырмандары топ-тобымен редакцияға кіріп келді. Қызылорда облысындағы Жаңақорғаннан, Жамбыл облысының Меркі ауданынан, Алматыдан, Алматы облысының Балқаш, Қарасай ауданынан келген оқырмандарымызды қолдап ата-аналары, ұстаздары ортаны толтырды. Үржарлық Шұғыламыз үлгермей қала ма деп едік. Марапаттауға үлгерді. Ерте келген достарымыз ата-ана, ұстаздарымен суретке түсіп, мәз-мейрам. Жүзден жүйрік атанған жүлдегерлерімізбен жүздесіп, жылы лебізін білдіруге асыққан қонақтарымыз да кешікпеді, дәл уақытында марапаттау басталды.

Серікқазы Сыбанбайұлы ҚорабаЙ — М.Әуезов  атындағы әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Нағашыбек  Қапалбекұлы — жазушы, қоғам қайраткері, республикалық кітап мұражайының директоры, Ахмет Аляз —журналист, ғалым, «KATIAD»  Қазақстан мен Түркия кәсіпкерлері қоғамының президенті, Бақыт Тушаев — Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері,  Ержан Жұмабек — ақын, Саян Бөдесов — дәстүрлі әнші қатысты.

Шығыс жақтан таңым бар арайлаған,
Анық басып қадамын санай ма адам?
Өмір деген сынақтар алаңында
Абайым-ай, дәл басқан, абайлаған…
Абайым бар сәбидің күлкісіндей,
Адалдықтың дәл өзі, түр-түсіндей.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»,
Деген Абай адамдық үлгісіндей!,

— деп, мерекелік шараның шымылдығын ақын, «Мөлдір бұлақ» журналы бас редакторының орынбасары, «Серпер» сыйлығының иегері Саят Қамшыгер ашты.

Құттықтау сөз «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС бас директоры Серкан Хастүркке берілді.
— Қадірлі балалар, құрметті ата-ана, ұстаз! Қадірменді қонақтар! Ұл-қыздарыңыздың алған жүлделері құтты болсын. Біздің мерекелік шарамыз Қазақстан халқы ассамблеясының жылы аясында өтуде. Бәйгеге келіп түскен шығармалардың барлығы да қазылар алқасы тарапынан әділ бағасын алды деп ойлаймыз. Жүлде алған балаларыңызды қолдап, келгендеріңізге мың да бір рақмет. Балаларыңыздың аттаған әр қадамы жетістіктерге толы болғай.

— «Мөлдір бұлақ» журналынан шақырту алғанда, сенбі күніне қарамастан келдім. Өйткені, бүгін балаларымыздың әр ісін мақұлдап, сүйеніші бола білсек, ертең олар да сол жолмен жүреді. Журнал редакциясы Ұлы Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына өткен жылы қыркүйек айынан дайындалған екен. Қаншама бүлдіршініміз талпынып, шығарма жазған. Солардың біреуі де ескерусіз қалмағаны қандай керемет!
Серікқазы Сыбанбайұлы:
— Мен тікелей Абайтану мәселесімен айналысқандықтан, ұлы атамыздың 170 жылдығына арналған балалар байқауының жеңімпаздарын марапаттап, жүлдесін тапсыруға асықтым. Кешегі өткен даналарымыздың есімін ғасырларға жалғайтын біздің осы ұрпақтарымыз ғой. Қашанда аман болыңдар!
Ахмет Аляз:
— Оқырмандарымыз арасындағы бәйгені осыдан он екі жыл бұрын бастаған едік. Алғашқы жылы 5000-ға жуық хат келді. Көз алдыларыңызға елестетіңіздерші! Хат тау болып үйіліп қалды. Алғашқы жеңімпаздарымыз қазір де өзімізбен үзеңгілес қызмет етуде. Журналистикада жүргені қаншама?! Балалардың шығармашылығын шыңдауда журналдың бас редакторы Жанастан Кучукованың еңбегі орасан дер едім. Қане, біздің кішкентай достарымыз. Бұл деген жүлде алған бала оқитын мектепке мәртебе, отбасында аталып өтетін той. Жүлделерің құтты болсын!

 

Ж.ТҰРЖАНОВА,
Суреттерді түсірген: Айдос ИСА.

ПІКІР ЖАЗУ