Құттықтаймыз!
Белгілі балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов жас жеткіншектерге арналған тамаша туындылардың авторы. Оның қай шығармасын алсаң да, өзіндік ерекшелігімен дараланып, оқиғасының қызықтығымен баурап алады. Журналист-жазушының ұзақ жылдары республика балаларының сүйікті газеті “Ұлан”, бұрынғы «Қазақстан пионерінде» бас редактор қызметінде болып, еліміздің мәдени өміріне ерекше араласқанын айтқымыз келеді.
Қаламгердің Оңтүстік Американы мекен еткен үндістер өмірі, жас жеткіншектері, олардың құпияға толы тарихы, салт-дәстүрі жайлы жазған “Кечуа тайпасының үндістері”, “Бес ғасыр атылмаған садақ” кітаптары кезінде әдебиетімізге қосылған төл туынды болатын. Автор «Бес ғасыр атылмаған садақ» кітабын 20 мың данамен шығарып, республика балаларына тарту ретінде мектептерге тегін таратып бергені аға буынның есінде. Жазушының «Қуанышты күн», “Жолдасбек Сүлейменов”, «Тентектер» атты повесть, әңгіме-ертегілері, естелік-эсселері балалардың сүйікті кітабына айналды. Ал, ағаларыңның жуырда ғана жарық көрген «Хан шатырындағы кездесу» тарихи-танымдық повесі бүгінгі күннің ертегісі. Оны тауып алып, оқуға тырыс.
Біз бүгін Бейсенбай Сүлейменовті жуырда ғана Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атануымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта үлкен шығармашылық табыс тілейміз.