Бір сөзден тұратын өсиет
Шебер шешім, көркем сөздерімен халық арасында шешен атанған Қазыбек би жыл сайын қасына жолдас-жораларын ертіп, өзінің даналық, тапқырлық сөзімен мәлім Әнет бабаға сәлем беріп, кәрі құлақты қариядан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, тағлым алады екен.
Бірде сол әдетімен Әнет бабаның үйіне келіп түседі. Қарт бұрынғыдан әжептәуір қартайып қалса да, сыр білдірмейді. Қазыбектің жора-жолдастарын, өзін жақсы қарсы алып, мал сойғызып, қазан көтертеді. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып, әңгіме-дүкен құрады.
Ертеңіне Қазыбек жол жүруге қам жасап, сапар алдында Әнет бабаға бір ауыз өсиет айтып беруін өтініпті. Бірақ Әнет баба: «Қазыбекжан-ай, жасы келіп, қартайған, қасынан жар тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрайсың?» — деп ештеңе айтқысы келмейді. Бірақ бірбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бір ауыз өсиетін тыңдамай еш жаққа кетпейтінін білдіреді.
Сонда Әнет баба Қазыбектің бұл қылығына күле қарап: «Болмадың ғой, айтайын», — деп сәл ойланып, — «әкім» деген сөзді жадыңда сақта», — депті.
Қазыбек Әнет бабаға ризашылығын білдіріп,жора-жолдасын қасына ертіп, еліне қайтады. Ол жол-жөнекей өзімен еріп келе жатқан нөкерлерінен: «Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңдар ма?»— дейді. Бірақ бұл сұрағына ешкім үндемейді. Сонда қаз дауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетін былай деп шешіпті:
— «Ә» дегені — әділ бол,
— «К» дегені — күншіл болма, көпшіл бол,
— «І» дегені — ілтипатты бол,
— «М» дегені — менмен болма, мейірбан бол,— дегені.
Сонда Қазыбектің жолдастары Әнет баба мен Қазыбек бидің жан дүниелерінің тереңдіктеріне, бірін-бірі түсінген үндестіктеріне сүйсініп, таң қалысыпты.
Сөйтіп Әнет бабаның бір сөзден тұратын өсиеті ел арасында кең тарап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жетіпті.