Жанқожа батыр
«Жанқожа үш жүздің ең атақты батыр-билерінің бірінен саналады. Ол қазақ тәуелсіздігі үшін күрескер ретінде орысты да, хиуалықтарды да, қоқандықтарды да, тіпті хандардың өзін де мойындаған жоқ.»
Мұхаметжан Тынышбаев
Жанқожа Нұрмұхамедұлы 1774 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданының аумағында дүниеге келген. Қазақтың айтулы батыры, қолбасшысы. 1860 жылы 86 жасында Қызылқұмдағы үйінде намаз оқып отырғанында Елікей Қасымов бастаған казак отряды келіп, атып өлтірген.
Жанқожа батыр 17 жасында Хиуа бекінісіне жасалған жорықта қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте жеңген. 1836 жылы түрікмен палуаны Аймұхамедті жекпе-жекте өлтірген. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болған. Батырдың ерліктері, биік парасаты жас ұрпаққа үлгі.
Жанқожа батыр Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі шабуыл жасап отырған. Халықтың болашағы үшін «басын бәйгеге тігіп», жауларға ойсырата соққы берген. Қазақтардан алым-салық алғысы келген орыс патшасына қарсы көтеріліс ұйымдастырып, маңына қазақ сарбаздарын топтастырған.
Батыр жайында бірнеше жыр-дастандар-дың нұсқалары бар. И.В.Аничковтің 1894 жылы «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты тарихи очеркі жарық көрген. Жанқожа батыр жайындағы тарихи жырларды Н.Г.Веселовский, С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, С.Қосан, Б.Жүсіпов сияқты ғалымдар зерттеген. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Бабалар сөзі» сериясымен «Жанқожа батыр» деген том шығарды.
Ол жайында жазушы, зерттеуші Әбдісаттар Оспановтың үш кітабы (трило-гиясы), жазушы Молдахмет Қаназовтың тарихи деректермен өрнектелген «Ел қорғаны ер Жәкем» атты кітабы, жыршы Сардарбек Қожағұловтың дастаны жарық көрді.
Биылғы жылы батырдың туғанына 240 жыл толуына байланысты Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалы алаңына ескерткіш тұрғызылатын болып шешілді. Қазалыдағы Жанқожа батыр ауылында «Тағзым алаңы», саябақ, балабақша ашылды. Бұдан 22 жыл бұрын Әйтеке би кентінде тұрғызылған ескерткіш-кесене ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Алматы қаласындағы Алатау ауданынан бірнеше жыл бұрын көше берілді. Бұл көшенің ұзындығы шамамен 5 шақырым. Батыр бабаның мерейтойы туған өлкесінде қазан айында аталып өтілмек.
Бетті әзірлеген: Саят ҚАМШЫГЕР