Өмірден өз орныңды табу да – бақыт

Өмірхан Әбдиманұлы,
профессор

Қадірлі біздің жас ұрпақ!
«Мөлдір бұлақ» журналы — оқырмандарын қызықты, мәнді де мағыналы материалдарымен, жаңашыл бастамаларымен үнемі алға қарай жетелеп, болашаққа бастап келе жатқан басылым. Біздің факультетке оқуға түсіп, журналистика саласын таңдаған студенттердің ішінде «Мөлдір бұлақтың» тілшілері мен оқырмандары көптеп саналады.
Мамандық таңдауда адамның шатаспауы маңызды. Өмірде өз орныңды тауып, қоғамға, заманға пайдалы кәсіппен айналысып, жаның қалаған істі жауапкершілікпен, ынтамен, сүйіспеншілікпен атқару да — бақыт.Елге елеулі, халыққа қалаулы азамат болып қалыптасу үшін мамандықты ерте таңдап, анықтаған жөн. Осы ретте журналдың «Мамандықтар маңызы» атты айдары жас оқырмандарға сан түрлі мамандық иелерін сөйлету арқылы тағлым беріп келеді.
Біздің буын жетістіктер мен жеңістерге кітап оқып, ізденіп, еңбектену арқылы жетті. Оқырмандарға, мыңдаған ұл-қыздарыма да болашақтың мәні кітаптар мен мерзімді баспасөз беттерінде екенін баса айтқым келеді. Жастарға уақыттарыңды ғаламтор беттерінде, әлеуметтік желілерде ысырап етпей, жазда да сабақтарды пысықтап, кітапты көп оқыңдар деп кеңес беремін. Алдыға ұмтылған жан мұратына жетпей, тынбайды. Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда, жас ұрпақ! Ұлтжанды, отансүйгіш, мейірімді, иманды, тәрбиелі, білімді болыңдар. Ата-аналар мен ұстаздарыңның сенімдерін ақтаңдар!

ПІКІР ЖАЗУ