Жазғы демалыс сәтті болғай!

Серкан ХАСТҮРК,
«Қазақстан-ZAMAN» ЖШС-нің Бас директоры

Біздің кішкентай достарымыз!
Мына өмірде баладан тәтті, баладан қымбат не бар? Ешбір қазына баламен теңестірілмейді. «Бар жақсылық – балаға» деген қағиданың ертеден бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны да соның ақиқаты.

Қадірлі оқырман!
Сендер – “Қазақстан” атты үлкен шаңырақтың саясында оқу оқып, білім алып, демалып отырсыңдар. Міне, тағы бір оқу жылын аман-есен аяқтап, жазғы демалысқа шықтыңдар.

Жастарыңа жас қосылды. Ой-өрістерің кеңейіп, тамаша бір азамат болып қалыптасып келесіңдер. Сендердің осындай игі қадамдарыңа ата-аналарың, ұстаздарыңмен қатар бүкіл қоғам қуана қарайды. Өйткені бүгінгі біздердің ісімізді алға апаратын ұрпақ өсуде деп, үлкен сеніммен қараймыз.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев біздің буынның сүйіп оқитын кітабына айналған «Қазақстан жолы» атты еңбегінде: «Егер де жастар гуманизмді, білімді, жауапкершілікті, әділдікті таңдап алса және өзімшіл болмаса, онда олармен бірге табыс та ілесіп жүреді» — деп бүгінгі буын жастарға үлкен сенім артады. Олай дейтіні, Қазақстанның жарқын болашағы бар, ол – БІЗДІҢ ЖАСТАРЫМЫЗДЫҢ ҚОЛЫНДА!
Аталған мақсатты орындау үшін сендер бойларыңдағы бар қажыр-қайраттарыңды, жігерлеріңді білімге жұмсауларың қажет. Өйткені, аға буын қашанда болашағының жарқын, ертеңінің сенімді қолда болғанын қалайды.
Жазғы демалыстарыңның сәтті өтуіне тілектеспін. Келесі жаңа оқу жылына тамаша көңіл-күймен оралуды Аллатағалам нәсіп еткей. Жолдарың ашық, жүректерің нұрлы, ниет ақ, пейілдерің кең болғай!
Серкан ХАСТҮРК,
«Қазақстан-ZAMAN» ЖШС-нің Бас директоры

ПІКІР ЖАЗУ